Астанада
150-ге тарта отбасы әлі сусыз отыр. Біз бұл мәселені өткен аптадағы
жаңалықтарымыздың бірінде көрсеткен едік. Арнамызға «Силикатный»
шағын ауданындағы мемлекеттік бағдарламамен салынған қос үйдің тұрғындары
хабарласып, көмек сұраған. 2 қаңтардан бері тіршілік нәрінен қағылдық деген
жұрттың жанайқайынан соң, мәселеге біздің тілшілеріміз араласты. Материал «Астана» арнасының
эфирінен көрсетілген соң, 6 қаңтар күні кешкісін екі үйдегі тұрғындар суға қол
жеткізген еді. Бірақ олардың қуанышы ұзаққа бармапты.
Күлзира
Әміренова, Астана қаласының тұрғыны:
Су
жоқ. 2-сінен бастап осы күнге дейін. Кейде болады, кейде болмай қалады. Ана
күні өздеріңіз түсіріп кеткеннен кейін бір-екі күн су болған. Ойладым, енді
болатын шығар, жөндеді-ау деп. Міне,
тағы өшіріп тастады.
Судың
қайта тоқтауына кәріз құдығының толық тазартылмауы себеп болған көрінеді. 5 қаңтардан бері мұнда үздіксіз тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Пәтер иелері
кооперативі өкілінің айтуынша, 7 метр тереңдіктегі кәріз құдығына толып қалған
қоқысты сыртқа шығару жұмысшылар үшін оңайға соқпапты. Жұмыстар тек бүгін ғана
аяқталған. Сондықтан суық су да, ыстық су да үйлерге көп кешікпей берілуі тиіс.
Жалпы бұл кәріз жүйесін жазда жол жөндегендер абайсызда жауып кеткен
көрінеді. Сөйтіп, оны тазалау жұмысы сол
мердігер компанияға міндеттелген. Бұл іске «Астана су арнасы» кәсіпорны да
кірісіп кетті. Ал амалы таусылған тұрғындар суды сатып алуда. Енді бірі сол
маңдағы өзге үйлерден тасып ішіп отыр.
Тәңірболат
Қалдыбаев, «Тұмар» пәтер иелері кооперативі
қызметкері:
6-шы
күні тазалап мынаны, мына қоқыстар - тас, баллон, бетондар шыққан. Бір құдықтың
ішінен шықты осының бәрі. Кешелі бері тазалап біттік. Жайлап жіберіліп жатыр.
Негізгі коллекторға су кетті.