Еліміздегі жемқорлық дертіне дауа
табылатын сияқты. Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы онымен күресуге
білек сыбана кіріспек. Мәжілістің жалпы отырысында «Мемлекеттік
басқару жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы заң жобасы» таныстырылды. Құжатты депуттарға
ұсынған Қайрат Қожамжаров парақорлыққа жол ашатын себептерді ескеріп, келешекте
оларды болдырмаймыз, деп мәлімдеді.
«Ұлы көш тоқтамақ!» Қайрат Қожамжаров
бұдан былай басшылардың команда ілестіріп жүру үрдісіне тосқауыл қоймақ.
Командалық көші-қонға тыйым салу мәселесі осыған дейін де талай айтылды. Бірақ, әкімдер мен министрлер нөкерлерімен әлі көшіп жүр.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр
Отан» фракциясының мүшесі:
Министр, әкім келеді, аппарат қызметкерлерін өзгертеді. Өзімнің адамдарымды алам деген сөз бар, халық айтады. Жаңа
бастық келді енді өзінің адамдарын алады дейді. Осы заңның осыған нүкте қоятын
жағдайы бола ма?
Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
Неге бір бастық тағайындалған жағдайда өз адамдарын алып келеді. Ол тек қана бір мақсатта. Менің ойымша, ол қылмыс жасау үшін
және қылмыс жасағанда ол әшкереленбеу үшін. Арасындағы бүкіл ақпарат өз
арасында қалу үшін. Сол себепті, бастық өзгеріп, командалары өзгеріп жатса, мен оған кішкене дұрыс қарамаймын.
Депутаттар көп жағдайда айран ішкен
құтылып, шелек жалағанның тұтылатынын да ескертті. Яғни, шабақтар мен шортандар
шайқасында алдыңғылары аяқтан шалынып жататынын ескеру керек жаңа заң
жобасында.
Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр
Отан» фракциясының мүшесі:
Көкпекті аудандық білім бөлімінің бастығы 4 ай ғана істеген. 4 жылға сотталып, 9 млн теңге одан өндірілген. Ал сонда
әкім, басқа басшылар қайда қарап отыр? Әкімнің нұсқауымен бөлім басшылары
мамандар қол қойып актілерге. Бітпеген объектілер бітті деп қол қоя салып
жауапкершілікке. Соның алдын алу керек.
Қайрат Қожамжаров талай шенеуніктің
сағын сындырған «А» корпусының тестілеуіне де өзгерістер енгізбек. Атынан ат үркетін «А» корпусына сүрінбей өткендердің 50
пайызы бүгінде жұмыссыз. Депутаттар да, сынақтың өз-өзін
ақтағанына күмәнмен қарайды. Осы ретте төраға, Елбасына жаңа
ұсыныстарын әзірлеп жатқанын жеткізді. Қожамжаров сынақтағы шектеулердің тым
көптігіне де алаңдаулы.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңның 70 пайызын білу керек. Әкімшілік туралы заңның 70 пайызын. Оны білмесе, құлап
жатады. Біз мына шектеуді алып тастауымыз керек. Сол шектеуден өтудің өзінде
мына агенттіктің ішінде сыбайлас жемқорлық көріністері пайдаланылып отыр.
Жасыратын ештеңе жоқ, таныс іздейді тестіден өту үшін. Мен оны байқап отырмын.
Көп азаматтарға обал болды. Ертең біз мысалы, «А» корпусынан көзді жұмып, мына адам орынбасар, әкім болсын
деген болмайды, оны халық білу керек. Халықтың ой-пікірі керек.
Жаңа төраға агенттіктің құрылымына да
күрделі өзгеріс енгізіпті. Қаржы полициясының
бұрыңғы қызметкерлерінің тек 20 пайызы орындарында қалған. Ал өзгелері ашық
конкурс арқылы жұмысқа қабылданбақ. 20 шақты департаменттен бүгінде тек үшеуі
ғана бар.
Сөйтіп, жаңа тағайындауынан соң алғаш
рет халық қалаулыларының алдына шыққан Қайрат Қожамжаров әкімдер мен
министрлердің командалық көшіп-қонуына тосқауыл болмақ. Лауазымды тұлға әріптестеріне үлгі болғысы келіп, өзінен
бастапты. Оның айтуынша, екі орынбасары бар. Және олармен бұрын-соңды қызметтес болмаған.
Сөйтіп, жемқорлық індетімен күреспекші. Алайда ол күрестің нақты механизмдері айтылмады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ