Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбеде жолақы үшін қарастырылған жеңілдіктер алынып тасталмақ

AstanaTV
11.01.2016ж. 20:00
1572
Ақтөбеде жолақы үшін қарастырылған жеңілдіктер алынып тасталмақ

Ақтөбелік зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері қоғамдық көліктердегі жеңілдіктен айырылып қалуы мүмкін. Өткен жылдың соңында жергілікті билік жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарға субсидия бөлуден бас тартатынын мәлімдеген. Мұның салдары автобустарда тегін жүрудің жойылуына соқтыруы мүмкін. Маслихат депутаттары әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсетілетінін айтқан-ды. Бірақ бұл да мәселені шешпейтін түрі бар.

Әзірге зейнеткерлер мен мүгедектер қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Ал, студенттер мен балалар 55 теңгенің орнына 35 теңге төлеп жүр. Бірақ  жақын уақытта бұл жеңілдіктер алынып тасталуы мүмкін.

Сол әкімдіктегі бір шенеунікті біздің зейнетақымызға өмір сүріп көрсінші. Сол ақшаға жол жүріп көрсін.

Көптеген зейнеткер немерелерін мектепке алып барады, түрлі үйірмелер бар дегендей. Оның барлығы шығын емес пе?


Жолаушы тасымалдаушы компанияларды мемлекет тарапынан қолдау тоқтатылатыны жайлы ақпаратты естіген әлеуметтік топ өкілдерінің көңіліне кірбің түскен. Сол тұста мәслихат депутаттары көмекке мұқтаж жандардың әрқайсысына ай сайын 1200 теңге көлемінде төлемақы бөлу туралы жоба ұсынды. Бірақ бұл бастаманы әділет департаменті қолдамаған.

Сұлупан Шынтасова, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы:

Жергілікті басқару заңы және өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік актлеріне сәйкес бұл шешімді қабылдау жергілікті орган өкілдерінің құзіретіне жатпайды деген жауап келді.

Мұндай жауап алған депутаттар көмек көрсетудің тағы бір жолын тауып, жаңадан жоба даярлапты. 

Сұлупан Шынтасова, Ақтөбе қаласы мәслихатының хатшысы:

Ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, яғни 37 мың теңге шамасында, наурыз мерекесіне бір рет 24 179 теңге төленеді. Дәл осындай сомма күндізгі бөлімде білім алатын, кәмелетке толмаған 4 баласы бар жанұяға да беріледі. 

Ал, ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль апатын қалпына келтіруге қатысқандар, басқа да әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдеріне Жеңіс мерекесіне орай қосымша 12 мың теңге шамасында көмек беріледі. Бұл құжаттар қаңтар айының 6-ы күні әділет департаментіне тіркеуге жолданды. 

Руслан Жылқаманов, «Автопарк» ЖШС заңгері:

Бұл шешім өте дұрыс деп бағалаймыз. Себебі тасымалдаушы өзінің жасаған жұмысы үшін толық ақшасын ала алатын болады. Сосын жергілікті бюджетпен біздің ешқандай байланыс болмайтын болады.

Шенді-шекпенділердің бұл шешіміне тасымалдаушылар риза. Олар енді кіріс молаяды деп, алақандарын ысқылап отыр. Көліктерді жаңартып, қызмет сапасын көтеруді көздейді.

Мансұр Есқожин, тілші:

Қалалық мәслихат бұл жобаны әділет департаментіне тіркеуге жолдаған. Құзырлы мекеменің жауабы ақпан айының алғашқы жұлдыздарында белгілі болады. Жеңілдіктер 1 қаңтардан бастап тоқтағанына қарамастан, тасымалдаушылар әлеуметтік топ өкілдерін қоғамдық көлікке әзірше ақысыз мінгізуде. Бірақ қай уақытқа дейін бұлай болары белгісіз.

Мансұр ЕСҚОЖИН