Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Түркияда мешіт маңында жарылыс болып, 10 адам қаза тапты

AstanaTV
12.01.2016ж. 20:00
1366
Түркияда мешіт маңында жарылыс болып, 10 адам қаза тапты

Түркиядағы жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов айтты. Сондай-ақ ол мұның алдын ала дерек екенін, министрлік әлі де анықтау жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.

Бүгін Ыстамбұлдағы Сұлтан Ахмет мешіті маңында жарылыс болды. 10 адам қаза тауып, тағы бірнешеуі жараланған. Терроризмен күрес бөліміндегі мамандар таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқиға орнында көз жұмғандар мен жараланғандар арасында туристер болуы мүмкін. Түркиядағы тілшіміз Самат Сүлей бізбен тікелей байланысқа шығуға әзір. Самат, Ыстамбұлдағы ахуал қалай?  

Иә, Ләйлә, теракт бүгін жергілікті уақытпен таңғы сағат 10-нан 20 минут өткенде тіркелген. Жарылыс Ыстамбұлдағы туристер көп жүретін Сұлтан Ахмет мешітінің алаңында болған.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың қатты болғаны соншалық, тіпті бірнеше шақырым қашықтықта жатқан көрші аудандарға дейін естілген.

Куәгер:

Жарылыстың дауысы өте қатты шықты. Естіген бойда оқиға орнына жүгіріп жеттік. Өте қорқынышты еді. Жиырмадан аса адамның денесін көрдім әр жерде шашылып жатқан. Ауыр жағдай, әрине, қаланың қақ ортасында дәл осындай жағдай болып жатыр. Көшеде жүруге қорқып қалдық. 

Қазір оқиға орнында құқық қорғау органдары мен зерттеу орталықтарының мамандары тексеріс жүргізуде. Туристік аймақ саналатын Айя София мен Сұлтан Ахмет мешітінің маңайын тәртіп сақшылары қоршауға алып, күзетті күшейтті. Барлық қоғамдық көліктер уақытша тоқтатылған. Түркияның терроризмен күрес қызметінің мамандары жарылысқа лаңкестердің қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығармайды. Олардың пайымынша, жанкешті өз-өзін жарып жіберген. Алайда, лаңкестер жайында әзірге ақпарат жоқ.

Реджеп Тайып Эрдоған, Түркия президенті:

Менің ойымша, Ыстамбұлдағы лаңкестікті Сирия жақтан келген жанкешті жасауы мүмкін. Қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. 

Бехри Баш, Таяу Шығыс аймағы бойынша сарапшы:

Жанкештінің Сирия азаматы болуы мүмкін екені айтылуда. Демек ойға ДАИШ террорлық ұйымы келеді. Алайда, Түркияның соңғы жылдардағы Сириямен арадағы саяси байланысына қарасаңыз, шам еліндегі оппозициялық күштерге көмек беруде. Яғни Башар Асадқа қарсы соғыс жүргізуде Сирия тарапы да қарап қалмай әртүрлі қарсылықтар көрсетуде. Сонымен қатар Түркияның Күрдістан жұмысшы партиясы, Сирия мен Ирактағы ДАИШ террорлық ұйымы секілді дұшпандары көп.

Самат Сүлей, тілші:

Ыстамбұл губернаторы кеңсесінің таратқан ақпараты бойынша, жойқын жарылыстан 10 адам қаза тапты, тағы бірнеше адам жарақат алған. Қаза болғандар арасында туристтер бар. Әзірге мендегі бар ақпарат осы, 

Естеріңізге салайық, бізбен  Түркиядағы тілшіміз Самат Сүлей тікелей байланысқа шыққан болатын. Қазір ғана келіп түскен ақпаратқа сай жанкештінің жеке тұлғасы анықталған. Анкарада өткен жиында елдің премьер- министрінің орынбасары хабарлағандай, ол 1988 жылы туған Сирия азаматы.

Самат СҮЛЕЙ