$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанда бизнесті дамытуға кедіргі келтіріп отырған бірінші фактор - жемқорлық

AstanaTV
02.10.2014ж. 20:00
1110
Қазақстанда бизнесті дамытуға кедіргі келтіріп отырған бірінші фактор - жемқорлық

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің есебінше, Қазақстанда бизнесті дамытуға кедіргі келтіріп отырған бірінші фактор - жемқорлық. Осыған байланысты «Нұр Отан» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа бағдарлама жобасында бизнестің шынайы проблемасын барынша ашық көрсетіп, оны жою жолдарын ұсынып отыр. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.

Бағдарлама жобасын әзірлеу, оны талқылау барысына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, шағын және орта бизнес өкілдерінің белсене қатысқанын айтады партия басшылығы. Өз кезегінде партия жобада бизнестің жолын бөгеген әкімшілік кедергілерді барынша жоюдың, мемлекет қызметтерінің көрсетілуін жеңілдетудің жолдарын ұсынып отыр. Биліктегілер аяқтан шалып, істері алға баспайтынына кәсіпкерлер жиі шағымданады. Тіпті ашынғаннан Палата басшылығы соңғы уақытта бопсалағыш шенеуніктердің атын ашық жариялауға көшкен.  Бүгін тараптар осы мәселені тыңғылықты пысықтады. Партия  алдағы 10 жылда жемқорлықпен күреске білек сыбанып кіріседі. Бүгінгі таңда партия мен палата бірлесіп «Мықты бизнес - қуатты мемлекет» жобасын жүзеге асыруда.

Бауыржан Байбек, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Сыбайлас жемқорлық тек мемлекет қана емес, тұтас қоғамның проблемасы болғандықтан, осы жоба әу бастан азаматтық қоғам институттарымен, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесе отырып жасалды. Палатаның ұсынысымен бизнеске қатысты өзекті мәселелер барынша қамтылып отыр. Нәтижесінде, ел игілігін көздеген тиянақты құжат жасаймыз деген ойдамын.

Бүгін палата өкілдері жемқорлықты жеңудің тағы бір тәсілін ұсынды. Олар парақорлықпен сотталғандардың ұлттық тізімін жасап, интернетте жариялау қажет дейді. Шенеуніктер сонда  "сүйекке таңба" болатын әрекеттен аулақ жүреді деп есептейді. 

Талғат Доскенов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа мүшесі, Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының президенті:

Парақордың ұрпақтары 50 жыл өтсе де, ата-бабасы құлқынның құлы болғанын білсін. Бұл ұрпақтың бетіне салық болады. Азаматтарға ақшадан адал аты қымбат деп ойлаймын. Ешкім парақордың немересі немесе шөбересі болғысы келмейтін сияқты.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ