«Еуропалық одақпен әріптестік
және ынтымақтастық туралы жаңа келісім -
даму мен сауданы ынталандырады». Осы аптада Брюссельге Қазақстан
делегациясының көшін бастап барған Нұрсұлтан Назарбаев америкалық «The wall
street journal» басылымына берген
сұхбатында осылай деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Қазақстан мен Еуроодақ арасында
қоғамдық, мәдени және білім саласындағы байланыстар нығая түсуде. Осы аптада
біз қол қоятын кеңейтілген келісім осыған дейін қалыптасқан байланыстарды тереңдетіп,
жаңа байланыстардың пайда болуына сеп болады. Соның ішіндегі «Сауда мен
инвестиция туралы» жаңартылған бөлім Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы
келісім мен 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Еуразиялық Одақтың жоспарларына
сәйкестендіріледі.
Сондай-ақ, Президент әріптестік туралы жаңа келісім сауда
саласымен шектелмейтінін айтқан. Инвестиция, энергетика сынды 29 түрлі бағыт
болады. «Әсіресе, инновация мәселелеріндегі, білім-ғылым мен бәсекеге
қабілеттіліктегі әріптестік басты
орындарда»,- деп атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Әріптестік және ынтымақтастық
туралы жаңа келісімде қауіпсіздікке
төніп тұрған қатерлерге де аса мән беріледі. Ғаламдық мәселелерді біз тек
диалог пен әріптестік арқылы шеше аламыз. Санкцияларды күшейту, керісінше,
жалпы экономиканың өсіміне кері әсер етеді.
Тоғжан
ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ