Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Шығыс Қазақстанда альпинисттер өзара мықтыны анықтады

AstanaTV
13.10.2014ж. 13:00
1530
Шығыс Қазақстанда альпинисттер өзара мықтыны анықтады

Өскеменде альпинизм спортынан халықаралық чемпионат өтті. Жоғары өрмелеушілер өздерінің шеберлігін тек тауда ғана емес, зәулім ғимараттары көп шаһарларда да шыңдай алады. Өйткені, биіктікті бағындыруға машықтанған мамандарға деген сұраныс та жоғары.

Қауіп-қатерге толы қызықты спорт түрін тамашалауға келген қалалықтар көп болды. Жарысқа қатысушылар берілген уақыт ішінде биіктікке өрмелеп, түрлі тапсырмаларды орындай білуі тиіс. Шыңға өрмелеушілер биіктікті оңай бағындырып, жіп, темір арқан мен түрлі ілмек-қармақтарын оңтайлы пайдаланудың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Құзар басы жартастарға бергісіз арнайы қабырғада жұмыс жасаған альпинисттердің шеберлігін сараптаған қазылар алқасы бағаға сараңдық танытты. Олар бағын сынаушылардың топ болып жұмыс жүргізуге бейімділігін сынады. Себебі, басынан қар кетпейтін мұзарт шыңдарда жүргізілер құтқару жұмыстары ең алдымен, альпинистердің ептілігіне ғана емес, бір-бірін айтқызбастан түсініп жұмыс жасай білуіне байланысты.

Александр Чернов, нұсқаушы-альпинист:

Түрлі жағдайларда тауда қалып қойған туристерді жыл сайын құтқарамыз. Қиын жағдайда тез әрекет ете білу тек тауда ғана емес, зілзала кезінде де кәдеге асады. Сондықтан, мұндай дайындықтардың ауқымы кең. Дегенмен, өз біліктілігімізді тек жаттығу алаңдарында ғана шыңдап, нақты өмірде мұндай оқыс жағдай болмасын деп тілейміз.

Еркін ҚАРИН