Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Барыс» командасы Ханты-Мансийск қаласының «Югра» командасына жол беріп қойды

AstanaTV
28.10.2014ж. 10:00
1063
«Барыс» командасы Ханты-Мансийск қаласының «Югра» командасына жол беріп қойды

«Барыс» командасы тағы да ұпай жоғалтты. Бұған дейін Санкт-Петербор қаласының «СКА» клубына ұтылған Андрей Назаровтың шәкірттері бұл жолы Ханты-Мансийск қаласының «Югра» командасына жол беріп қойды. Самат Қанағатов толықтырады.

«Қазақстан» спорт сарайында өткен алғашқы кезеңде командалар бірін-бірі ала алмай, үзіліске 0:0 есебімен кетті. Екінші басталғаны сол еді. Жылдам шабуыл ұйымдастырған айдын иелері есеп ашты. Голдың авторы - Роман Старченко.

Бірақ, қуаныш көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан қонақтар екі бірдей шайбамен жауап қайтарды. Алдымен, Бен Максвел мергендігімен танылса, артынан Денис Горбуновтың қанжығасы майланды.

Дегенмен, намысқа тырысқан «Барыс» командасы негізгі уақытта таразы басын теңестіріп кетті. Брэндон Боченскийдің пасынан кейін қақпа алдында қараусыз қалған Дастин Бойд мүлт кетпеді.

Ал овертаймда сан басымдығын жүзеге асырған «Югра» хоккейшілері Астанадан екі ұпайды олжалап кетті. Бұл жолы шеберлігімен көзге түскен Лукаш Кашпар командаластарының қошеметіне бөленді. Келесі кездесуін «Барыс» командасы Тольятти қаласының «Лада» клубына қарсы өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ