$444.76 €495.37 ₽5.37

Шетелдік азамат домбыра үйрену үшін Нью-Йорктен Алматыға көшіп келді

AstanaTV
12.11.2026ж. 19:00
Шетелдік азамат домбыра үйрену үшін Нью-Йорктен Алматыға көшіп келді

Домбыраның үні Америка азаматын қазақ даласынан бір-ақ шығарды. Нью-Йорктік Джеф Герш ұлттық аспапты меңгеріп, Алматыға көшіп келді. Қазір ол домбыраны шебер тартып, шапан киеді. 

Джеф домбыраның үнін алғаш әлеу желідегі кездейсоқ видеодан естіген.  Кәсіби гитаристі қос ішектің қоңыр үні бірден баурап, қазақтың күй өнерін үйренуге деген ынтасы оятыпты. Ол Нью-Йоркте де қазақ музыканттарымен бірге бірнеше рет сахнаға шығып, ұлттық өнерімізді америкалық көрерменге таныстырып үлгерген.

ДЖЕФФ ГЕРШ, МУЗЫКАНТ:

Небәрі екі ішегі бар аспаптан осындай мол үн шығатынына таңғалдым. Домбыра тартуды міндетті түрде үйрену керек екенін түсіндім. Бұл – өте әдемі, тіпті сиқырлы аспап. Оның үнін естігенде жан дүнием ерекше тебіренеді. Өзім тартқан кезде де басқа ешбір аспаптан сезінбейтін ерекше эмоцияны бастан кешіремін. Сүйікті күйлерімнің бірі- Ерке сылқым, «Бес жорға» өте әдемі шығарма, Адай күйі де бар. 

Джеф алғашында онлайн сабақ алып, қазір елде жергілікті ұстаздардан дәріс алуын жалғастырып жүр. 20-дан астам күй шертеді. Бұл оның Қазақстанға алғаш табан тіреуі емес екен. 

ДЖЕФФ ГЕРШ, МУЗЫКАНТ:

Қазақстанға жыл сайын келіп тұрсам деймін. Сондай-ақ болашақта көбірек сахнаға шығып, жанды дауыста өнер көрсеткім келеді. Негізінен Америкада, мүмкін Қазақстанда да жеке концерт беруді жоспарлап жүрмін.

Шетелдік азамат қазір домбыра мен күйлердің тарихын, сондай-ақ аймақтардағы домбыра мектептерін зерттеп жүр. Тілді де үйреніп жүргенін айтып, алда еліміздің барлық өңірін көзбен көрсем дейді.