Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Шенеуніктер отандық костюм кие ме?

AstanaTV
28.10.2014ж. 20:00
1692
Шенеуніктер отандық костюм кие ме?

Сіз Дольче Габбана, Гучи, Версачилердің орнына отандық фабрикалардың киімін киесіз бе? Ал Үкімет мүшелері Қазақстанда тігілген киім киюге дайын сияқты. Алматыға арнайы сапармен келген министр Әсет Исекешев жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінің сапасына тәнті болып қайтты. Ол болашақта министрлер кабинеті олардың тұрақты клиенттері атанатыны туралы айтты. Шенеуніктердің көзі түскен киімдерді тілшіміз Берік Хасенов те бағалады.

Мынау - Инвестициялар және даму министрі тілгі тиек еткен киімдерді шығаратын тігін фабрикасы. Кәсіпорында қазір 450-ден астам адам жұмыс істейді. Жылына 500 мың жұп аяқ киім, 1,5 млн жеңіл киім шығарылады.

Өткен аптада арнайы келген Әсет Исекешев тігін фабрикасындағы әр цехты аралап, өнімдерді ұстап көрді. Жай ғана емес, сапасын жіті тексеріп қарады. Сапасы ұнаса керек. Үкімет мүшелерінің өзі енді осы жерден киінеді деген уәде де берген.

Айбек Бектұрғанов, «Қазжеңілөнеркәсіп - Алматы» тігін фабрикасының директоры:

Министр бізге уәде берді, көмектесеміз деп. Шетелден жақсы жоғары мамандар алдыруға. Технологтар, конструкторлар, дизайнерлерді. Субсидия береміз деп уәде берді. Тағы да бір уәдесі - біздің Үкіметте, біздің депутаттар киімнің сапасы болса, киеді деп айтты.

Әсет Исекешевтің бастамасын министрлер кабинеті қалай қабылдағаны әлі белгісіз. Министрлердің Миланның сән үйлеріне деген сезімін Алматыдағы тігін фабрикасы өзгерте ала ма? Дегенмен, Үкімет өкілінің «Мэйд ин Казахстан» деген брэндті қолдауға көшкенін депутаттар құптап отыр.

Нұрғали Әшім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әрине, қолдаймын. Бұрын осындай фабрикалар 10 жыл бұрын болатын. Әр өңірде. Өнімдері қандай еді.

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ну, пересадить чиновников на отечественные машины - это хорошо. А переодеть в отечественную одежду, я считаю, рановато.

Берік Хасенов, тілші:

Қазір біз дүкенде емеспіз. Бұл - осы фабрикада өндірілген өнімдер. Соңғы заман талабына сай, сән үлгісімен жасалған, бағасы да тиімді. Мына менің үстімдегі пиджак та осы фабрикада тігілген. Еш шетелдік киімнен кем емес.

Кәсіпорында тігілген киімдер адамның көркін кіргізіп қана қоймай, сапасымен де таң қалдырады. Ұсынатын өнімдердің де қатары көп, аяқ киім, костюм-шалбар, жейде, күрте, тағы да басқа түрлері жетерлік. Сапасы жағынан шетелдік атақты брэндтерден еш кем түспейді дейді дизайнерлер.

Нұрбибі Байтасова, дизайнер:

Мынау біздің фабрикада тігілетін ерлерге арналған соңы үлгімен жасалған костюмдер. Белі кішірейтілген, әр түрлі материалдан жасалған. Итальяндықтан еш кем емес. Мемлекеттік қызметкерлер, офиста отыратындар күнде киюге арналған пиджактар бар.

Елімізде министрлер кабинетін киіндіруге даяр басқа да кәсіпорындар бар. Семейдегі киіз фабрикасы тіпті шенеуніктердің бүкіл отбасы мүшелеріне лайықты өнім ұсынады. 

Харис Сайфутдинов, киіз бастыру фабрикасының директоры:

Біріншіден, бұл емдік аяқ-киімдер. Киіп алсаң, қандай аяз болса да, аяқ тоңбайды. Өйткені аяқтарың үнемі жылуда. Бастысы - нағыз табиғи бұйым, синтетика емес. Киіздің аты киіз ғой.

Әлемдік нарықтағы жағдайдың күрделілігіне қарамастан, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылдың өзінде өндірілген өнімнің құны 2,5 млрд теңге болса, осы жылдың алты айында 3,5 млрд теңгеге жетті. Шенеуніктерді отандық көлікке отырғызу бастамасы қиынға соққаны мәлім. Ендігі бастама, Үкімет өкілдері тарапынан тез қолдау табуы мүмкін. Адамның көркі, көліктен бұрын, шүберек емес пе?

Берік ХАСЕНОВ