Батыс Қазақстан облысындағы
шаруа қожалықтары мемлекеттен алған қарызын қайтара алмай отыр. Тіпті борышқа
белшеден батқандардың алдының басы дауға қалып, істі болып үлгерген. Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде
оралдық шаруаларға 2011 жылы 3 млрд 172 миллион теңге жылына 4% үстемақымен несие берілген. 405 шаруа қожалығы аталған қаражаттың шапағатын
көрген. Бұл қаржының 80%-ы мал шаруашылығын дамытуға арналыпты. Бүгінде 200
шаруа қожалығы мемлекетке қарыз. Олардың «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік
корпорациясына берешегі 346 миллион теңге. Қарызды уақытылы қайтармаған 58
несиелік серіктестің үстінен сотқа 99 талап арыз беріліпті. Ал берешегі
барлардың күн сайын үстемеақы қосылып, арадағы келісімшарт бұзылады.
Ержан Балтаев, «Орал» ӘКК ҰК»
АҚ басқарма төрағасы:
«Жаңа дәуір» деген несие
серіктестігі бар Қазталов ауданында. Мақсатсыз пайдаланғаны сотпен дәлелденіп,
қазіргі таңда барлық соманы қайтару мәселесін біз алға қойып отырмыз. Бөкей
Ордасы ауданында «Ақберлі» несие серіктестігі бар. Онда да осындай жағдайлар
болып, несие серіктестігінің төрағасы сотталған болып, қылмыстық іске тартылған
болатын.
Күні кеше Ұлттық кәсіпкерлер
палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев қолайсыз ауа райына
байланысты қарызын өтей алмаған шаруаларға көмек ретінде үкімет пен «ҚазАгро»
холдингінен несие мерзімін ұзартуды сұраған еді. Бірақ бұл ұсынысты «Азық-түлік
корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқынбаев қолдамады. Оның
айтуынша, шаруалардың қарызы бүгінде 10 миллиард теңгеге жеткенін, сондықтан
несиені өтеу мерзімін ұзарту диқандарға кесірі тиетінін айтып, қарсылығын
білдірген болатын.
Еркін КАРИН