Шымкенттегі Ақжайық шағын
ауданында тұратын жиырма екі отбасынан бүгінде тыныштық кеткен. Олардың
баспанасы орналасқан жердің өзге қожайыны пайда болды. Тұрғындар үй салғалы
бергі он жыл ішінде төбе көрсетпеген алматылық жаңа қожайын енді келіп, «40
гектар жерімнің аумағына кіріп кеттіңдер» деп, сотқа арызданыпты. Содан бері «далада
қаламыз ба» деп алаңдаған тұрғындардан маза қашты. Мәселенің мән-жайын Айзада
Төребекқызы анықтауға тырысты.
Кезекті дауға себеп болған 40
гектар жер - осы. Ақжайық шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, кенеттен пайда
болған қожайын екі гектар жерді, яғни мына үйлер салынған орынды, желтоқсан
айынан бері даулап жүр. Жиырма екі отбасы өздері баспана тұрғызған жер
телімдері заңсыз дегенді тек соттан шақырту қағазын алғанда бір-ақ естіген.
Мұхтар Жүсіпбековтің
иелігіндегі жерге қатысты сот отырысы қаңтардың жиырмасына белгіленген.
Баспанасының барлық құжаты қолында. Қала әкімінің қаулысына сай берілген жерді «заңды түрде сатып алғанмын» дейді. Төрт баланың әкесі аяқ асты үйімнен
айырылып қаламын ба деп уайымдап жүр.
Мұхтар Жүсіпбеков:
40 гектардың иелері, егер осылар
бізден бұрын иесі болатын болса, келіп қазығын қағып, бізден шекара қойып, мысалы, үшін үй салыныпты деп алдын ала ешқандай ескерту де айтқан жоқ.
Ақжайықтағы жиырма екі
отбасының жағдайы осыған ұқсас. Тірнектеп жинаған қаржысына тұрғызған
баспанасының заңды екенін дәлелдеу үшін, олардың құзырлы орындарға арызданудан
өзге шарасы жоқ.
Мен, мысалы, 45 мың теңге
төлеймін кредит ай сайын. - Осы үй үшін ба? - Үй үшін. Мен сол үйді көтеріп
саламын деп соны істедім. Алты жылым бар, алты жылда мен төрт бала-шағаммен қайда барам?
Тұрғындардың айтуынша, қазір бос
жатқан 40 гектар жердің қожайыны - алматылық әлдебір серіктестік. Олар бұл жерде
келешекте ойын-сауық орталығы, тойхана секілді нысандар бой көтереді деп
жоспарлаған сыңайлы. Тұрғындар болса, үйлері орналасқан жердің заңды қожайыны
екендеріне сенімді. Талапкердің даулап отырған аумағы мүлде басқа тұста екенін
айтады.
2
га жері мынау 843 кадастр нөмірі бойынша - олардың жері. Ал мынау 38 га
жері 844 кадастр нөмірі бойынша. Ал
мынау біздің халықтың тұрып жатқан жерін талап етер ол кісілер қазір.
Біз алматылық
серіктестіктің өкілдеріне хабарласып, мән-жайды түсіндіріп беруін өтіндік.
Малика Әбуова, ЖШС өкілі:
Мен ешқандай ақпарат бере
алмаймын. Өйткені мен өкілімін. Маған ешқандай өкілдік берген жоқ. Сондықтан
Орданың өзіне шығыңдар. Менде интервью беруге, менде ондай өкілдік жоқ. Мен
тек сотқа қатысам.
Бұл аумақтағы жер
телімдері шаһардың 2006 жылы бекітілген
бас жоспарына сәйкес жеке тұрғын үйлер салу үшін заңды түрде берілген. Мұны жер
қатынастары бөлімінің басшысы растап отыр.
Қасымбек Сайлауов, Шымкент
қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Арыз енді кеп түсті бізге. Біз, қазір айтып отырмын ғой, жердің шекаралары біртіндеп нақтылап
қайтадан тексеріледі. Бұл жерде шын мәнінде жер учаскесі бірінің үстіне бірі
отырған-отырмаған фактілерін біз анықтаймыз. Оны қазір заңды-заңсыз деп мен
сіздерге жауап айта алмаймын. Мен тексерейін, содан кейін жауабын айтам.
Шенеуніктер осылайша бір апта
көлемінде жауабын айтуға уәде берді. Бірақ
Қаратау аудандық соты азаматтық істі қарауды бастап кеткен. Үш жер теліміне қатысты іс қаралуда, тағы
тоғыз учаске бойынша сот отырысы қаңтардың жиырмасына белгіленді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ