Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

ОҚО-да күн райының жауын-шашынды болуы мақта жинауда машақат туғызды

AstanaTV
30.10.2014ж. 20:00
1946
ОҚО-да күн райының жауын-шашынды болуы мақта жинауда машақат туғызды

Күн райының соңғы аптада жауын-шашынды болуы Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақташылардың аяғына тұсау болып тұр. Ауа райының себебінен көктемде кеш қимылдаған шаруа енді жиын-терімнен де қиналып отыр. Ақ алтын егумен айналысатын бұл өңірдің шаруалары әлі 30% өнімін жиып үлгере алмаған. Бұл бәрінен бұрын тіршілігі мақтаға тәуелді талай мақташыға ауыр соғып тұр. Оған қоса биылғы мақта бағасы да мәз емес. Тілшіміз Айзада Төребекқызы сабақтайды.

Нұрлыбек Дулатов  жиырма гектар алқаптағы мақтасынан, әлі бір келі де теріп үлгермепті. Отбасының нәпақасын мақтадан тауып жүрген шаруа, еткен еңбегім зая кетпесе екен дейді. Айтуынша 1,5 млн теңге шамасында шығын жұмсапты. Пайда көрмек түгілі, қарызымнан құтыла алмай қаламын ба деген уайымда. Енді бар тілеуі - күннің қарасуы.

Нұрлыбек Дулатов, шаруа:

Мен он күн бұрын, бір апта бұрын теретін мақтам ауа райы қолайсыздығына  байланысты терілмей жатыр. Бірақ екі күнде теруім мүмкін. Бірақ бұның сорты төмен түсіп кетеді. Бағасы 77-ден де төмен түсіп кетуі мүмкін, бұның. Сол себепті мен алған шығынымды қайтара алмаймын.

Күн райының күрт суытуы көптеген шаруаны тығырыққа тіреп тұр. Өйткені мақтаның сапасына әсер еткен. Онсыз да биыл баға арзан. Аймақта ақ алтынға баланатын өнімнің бір келісі бар болғаны 75-77 теңге төңірегінде. Өткен жылы  оның нарқы 94 теңгенің төңірегінде болған.

Нұршәди  Дінасылов, шаруа:

Баға өте төмен - 75-77 теңгеден  деп отыр. Ал енді кеткен шығын 120 мың -130 мыңға шейін кетіп қалады. Сонда 20 центнер мақтамыз шығынға кетіп тұр қазіргі жағдайда. Барлығы қымбат. Жанармай қымбат, тыңайтқыш та қымбат.

Тәжібай Айдарбекұлы, шаруа:

77 мың теңгеден тоннасы. Одан әлі жеңілдігі бар, несі бар, тоннасын ұстайды. Мына ауа райы ылғал деп  пәлен тоннасы мақтамыздың кетіп қалады, 15-16% .

Мақта қабылдау бекетіндегілер келісін 80 теңгеден өткізуге болатынын айтады.  Бірақ ол үшін талшыққа тамшы да тимеуі керек екен.

Мақсат Оспан, мақта қабылдау бекетінің меңгерушісі:

Дәл қазіргі таңда баға 77. 77-ден 2-сорт бағамен бере аламыз. Жауынның мақтаға зияншылығы соншалықты,  біз осы бағада  бере аламыз. Сол бағада мақта қабылдаймыз. Себебі мақта жауынға ұрынғаннан кейін өз талшығын жоғалта бастайды. Мынау мақта өзінің әрі талшығын жоғалтады. Әрі мақта былайша айтқанда ластау болады.

Ордабасы ауданында биыл 8 мың 400 гектарға шит себіліпті. Ауданда ақ алтынды бұрынғыдай қолмен теру тоқтаған. Техниканың көмегіне жүгінген. Ескіні санамағанда, шетелдік мақта теретін 22 жаңа техниканы кезек-кезек пайдаланамыз дейді ауданның жауаптылары. Тек күн райы қолды ұстап тұр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мақта қабылдау орындарындағы жұмыс кешелі бері ғана қайта жандана бастаған. Оның өзінде тек түстен кейін ғана кіріседі барлығы. Таңғы мезгілде  техника алқаптарға кіре алмаса, бұдан бөлек мақтаға қонған шықтың кебуін тағы тосу керек.

Батыр Дүйсембаев, Ордабасы ауданы ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Бір жаңбыр жауғанның өзінде, төрт күн, бес күнге шейін тоқтап қалған кездер болды. Қазір екі аптаға кешікті десек шатаспаймыз. Неге десеңіз, үш-төрт рет жаңбыр болды. Бір күннің өзінде 1,5 тәуліктей жаңбыр болған кездер болды. Мақта кепкенімен, далаға комбайн кіре алмайды, төрт күндей тұрып қалды. Сол шамада кішкене кешігулер бар. Бірақ осы он күн шамасында күн ашық болатын болса, біз мақтамызды жақсы теріммен аяқтаймыз деген жоспарымыз бар аудан бойынша.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы - елімізде ақ алтын өсіретін жалғыз өңір. Өңірдегі мақталы алқаптың көлемі биыл 126,5 мың гектарды құрап отыр. Сала жауаптыларының есебінше, биыл 300 мың тонна ақ алтын алу жоспарда бар. Бірақ күннің ерте суытуына байланысты, әзірге 230 мың тонна мақта теріліп үлгеріліпті. Бұл межелеген өнімнің небәрі 76 пайызы. Сондықтан маңдайын күн қақтаған мақташы қауымның бар үміті күн райында ғана болып тұр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ