Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Ақтөбелік полицейлер мектептер мен балабақшаларды аралап жүр

AstanaTV
31.10.2014ж. 20:00
1677
Ақтөбелік полицейлер мектептер мен балабақшаларды аралап жүр

Ақтөбелік полицейлер мектептер мен балабақшаларды аралап жүр. Тәртіп сақшылары  оқушылар мен балғындарға жеке қауіпсіздік туралы түсіндіруде. Соңғы уақытта аймақта кәмелетке толмағандарды ұрлау фактілері жиілеп кетуі осыған себеп болып отыр. Бүкіл жұрт дүрліге іздеген Темірлан Сәндібаев оқиғасын айтпағанда, осыдан 2 күн бұрын 9 жасар оқушы қызды белгісіз біреулердің ұрлауға әрекеттенгені белгілі болды.

Қауіптің алдын алу мақсатында мамандар бастауыш сынып оқушыларына жол жүру ережелерінен бастап, бөтен адаммен қарым-қатынасқа түскенде сақталуы тиіс ережелерді түсіндіріп жатыр. Әсіресе, бөгде адамдарға, ниеті белгісіз болса, жоламау керектігін құлаққа құйды және кез келген уақытта полициядан көмек сұрауға болатындығын айтты.

Серік Тілембаев, Ақтөбе облыстық ІІД Сазды ПБ учаскелік инспекторы:

Бүлдіршіндерді алдау оңай ғой. Тәтті зат беремін дейді. Анаңды танимын, қазір үйіңе жеткіземін деп алдайды. Егер танымайтын адам шақырса, бірден 102 нөмірі арқылы полицейлерге хабарласулары тиіс.

Ұстаздар түсіндіру шарасын қолдай кетті. Білім беру мекемелері өз тарапынан түрлі жұмыс атқарғанымен, нәтиже аз. Ақтөбедегі мектептер түгелдей бақылау камераларымен жабдықталмаған. Қалалық білім бөлімінің дерегінше, шаһардағы 70-ке жуық мектептің он шақтысында ғана бейнекамералар орнатылған. Сондықтан қоғамдағы қауіпсіздікке көп болып қана қол жеткізуге болады дейді.

Айгүл Құрманалина, Ақтөбе қаласы № 9 мектеп-гимназия директорының орынбасары:

Қалада түрлі оқиғалар орын алуда. Мысалы, соңғы Тамерлан Сандыбаевпен болған оқиға бізге өте қатты әсер етті. Сондықтан оқушыларға осындай полиция қызметкерлерінің бірлесе өткізіп отырған жұмыстарының әсері тиеді деп санаймын.

Шынымен, республикалық «Мен және менің полицейім» акциясы аясында жүргізіліп жатқан бұл шара өңір үшін өзекті болып тұр. Жыл басынан Ақтөбе облысында 2 бүлдіршін жоғалды. Бірі жуырда денесі табылған 5 жастағы Темірлан Сәндібаев. Ал екіншісі Ырғыз ауданында орын алған. Абырой болғанда, ол баланы аман-есен ата-анасына қайтарған. Оның үстіне, кеше шаңқай түсте белгісіз біреу 9 жастағы оқушыны ұрламақшы болыпты. Әзірге полицейлер бұл қылмыстардың  қай-қайсының болсын сырын шешкен жоқ. Дегенмен оқушылар да үрейлі.

Диана Полянина, оқушы:

Әрине, далада ойнағым келеді. Бірақ қорқамын. Қылмыскер кез келген жерде жүруі мүмкін. Танымайтын адамдарға жоламаймын.

Мансұр Есқожин, тілші:

Ақтөбелік әрбір ата-ана бүлдіршініне алаңдаулы. Темірлан Сәндібаевтың қалай жоғалғаны, өлімінің себебі әлі күнге анықталған жоқ. Оның үстіне 9 жасар оқушы қызды ұрламақ болған белгісіз де табылмай орыр. Осыған орай қалада түрлі алып-қашпа әңгіме тарап үлгерді. Дегенмен соңғы ақпаратты полициядан күтіп отыр.

Мансұр ЕСҚОЖИН