Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтау аймағында ішкі туризмді дамытуды қолға алу қажет

AstanaTV
03.11.2014ж. 10:00
1238
Ақтау аймағында ішкі туризмді дамытуды қолға алу қажет

Кендірліде туристер «қара уылдырыққа шомылып», «итбалықпен билей алмайды». Жуырда Ұлыбританияның «Гардиан» газеті таратқан ақпарат - алдамшы жарнама ғана. Маңғыстау облысының әкімдігі біздің арна тілшілеріне осыны баяндады.

Айта кетейік, шетелдік басылым Кендірлі демалыс орны туристерге түрлі экзотикалық қызықтар ұсынады. Туристтер қара уылдырыққа шомылып, итбалықпен билей алады деген ақпарат жариялаған. Дегенмен, облыс басшысы болашақта аталған демалыс орны шетелдегі тынығу орындарынан кем болмайды дейді. Саяжайлар қалашығы салынбақ. Қонақүйлер жүйесінің алғашқы отельдері 2017 жылы ғана бой көтермек. Қажетті келісім-шарт құжаттары әлдеқашан жасалып қойған деді.

Рақымбек Әміржанов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

Отандық туризмді дамыту керек. Ең әуелі өзіміз үшін. Сонда жерлестеріміз шетелге шығып, жапа шекпес еді. Қазақстандағы түбі таза құмды жалғыз теңіз жағалауы осы Кендірліде. Сондықтан, оны дамыту қажет.

Қомақты қаржыны қажет ететін демалыс орнын салатын инвесторлардың кім екені әлі нақтыланбаған. Дегенмен алғашқы ұсыныстар бар. Әуежайды қытайлық бизнесмендер салуы мүмкін.

Рақымбек Әміржанов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

Әуежай құрылысы бойынша нақты айта алмаймын. Қытайлықтар Елбасының іссапары кезінде айтып қалған. Қазір бұл мәселе нақтыланып жатыр. Олармен келісімге қол қоямыз. Әңгіме үлкен қаржы жайында болғандықтан, әлі нақты шешім жоқ.

Облыс әкімдігі Кендірлі демалыс орны инфрақұрылымына шамамен 4 миллиард теңгедей қаржы жұмсамақ. Әкім орынбасары бағаның қол жетімді болатынын айтып отыр. Рақымбек Әміржанов туристердің саны жылына үш жүз мыңға жеткен кезде, әкімдік өз шығынын өтей алады деп санайды. Айта кетейік, Кендірлі Ақтаудан 210 шақырым қашықтықта.

Айжан КУАШ