$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Өзге пікір» айдары

AstanaTV
16.01.2016ж. 20:00
3005
«Өзге пікір» айдары

Сонымен, Марат Ерназарұлы жүргізетін «Өзге пікір» айдары.

Ассалаумағалейкүм! Әйгілі «Титаник» фильмінің  астаналық нұсқасы түсірілді. Джек пен Розаны қазақтар да сомдады. Бұл туралы сәлден соң.

Тақырып: хайуан кім?

Қайсысы хайуан? Адам ба, қасқыр ма? Түз тағысын қинап, асқан айуандықпен өлтірген адамдар ғаламдық желі қолданушыларының қаһарына ұшырады. Олар даладан қасқырды көріп қалып, қуа жөнеледі. Әбден шаршатып, ақыры әлсіреген хайуанды джип көліктерімен басып өтіп қинайды. Басынан тепкілеп соққылайды. Кей деректер бойынша, оқиға Ақтөбе өңірінде болған. Өзіңіз қараңыз. Бірақ ескерту, жүйке жүйеңіз шыдаса ғана көру керек!

Дәл осыған ұқсас видео өткен жылдың желтоқсан айында да тараған еді. Ол кезде де аңшы жаралы қасқырды мылтықтың дүмімен ұрып қинаған болатын. Жазда да төрт бөлтірікті қинап өлтірген төрт адам өздерінің жауыздығын таспаға түсіріп, ғаламторға таратқаны естеріңізде шығар. Қылмыстық кодекстің 315-ші бабымен «Жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін» бұл адамдарды айыппұл салып, 90 тәулікке қамауға алуға болады. Бірақ хайуандарды қинаған екі аяқты хайуандар жауапсыз тайраңдап жүр.

Пікірлер:

Асеке:

Көлікпен жүрмегендеріңде батылдықтарыңды көрер едім!

Мен өзім:

Мұндай видеоны қарай алмаймын. Жүрегің ауырады. Бұл екі аяқтылардың «адам» деп аталатынына қатты ұялып отырмын.

Әділдік үшін:

Сендерге Жаратушы төреші болсын! Хайуан болса да, бұлай қинауға болмайды! Қинамай-ақ жай ата салуға болмай ма? Адам емессіңдер!!!

Аааа:

Адамдар аңнан жаман. Кімге айналып барасыңдар, адамдар?!

1:Қасқырлар, әрине, ашық далада қауіпті хайуандар. Бірақ дәл мына жағдайда қасқыр қауіпті емес. Аңшылар болса, байғұстың жанын қинамай ата салмаған ба...

тақырып: Астананың «Титанигі»

Адам табиғатқа, табиғат адамға қатыгездік көрсетіп жатқан заман... Мәселен Астананың арқыраған аязы мен бет қарытатын желі. Қатыгез бе, әрине қатыгез деп отырған шығарсыздар экранның ар жағынан. Арқаның аязының қаһарын, әсіресе аялдамада автобус күтіп қалғандар, яғни үсіп қалғандар жақсы біледі. Ал автобустар жетіп болмайды. Астананың осы тұстары әйгілі «Титаник» фильмінің қазақстандық нұсқасына негіз болған. Алып кеме батып кеткен Атлант мұхитының орнын Астананың арқыраған аязы басқан. Ал құтқарушы кеме ретінде ұзақ күттіріп, аялдамаға жетіп болмайтын елордалық автобустар алынған. Қараңыз, өте қызық!

Осылайша аязда үсіп қалған Джекті оята алмаған Роза, әупірімдеп жеткен автобусқа жалғыз отырып кетеді. Айтпақшы, түсірілімге 73-ші автобус таңдалған. Ол да бекер емес. «Ырғалып-жырғалып» жүретін автобус. Видео не бары 15 секундқа жалғасады. Бірақ интернетті «жарды». 10 күннің ішінде 1 млн-ға жуық адам қараған. Осы қысқа уақытта идея авторлары Астананың бет-бейнесін боямасыз көрсеткен сияқты. Жұрт не деп жатыр екен:

Пікірлер:

Аноним:

Олар 73-автобусты күткен. Бұл – шындық. Мен ол автобусты жарты сағаттан астам күтемін. (

Аноним:

Дағдарыс кезінде жылы аялдамаларға ақша кетірмесе, сол «Титаник» фильмін толық түсіруге болар еді.

Жай:

Бұл – проблема! Күлкілі емес, өйткені өте суық!!! Тоңған адамдар жақсы түсінеді. Ролик үшін рахмет. Ол әкімдіктерге жетеді ғой деп үміттенемін. Мұндай жағдай барлық аймақта бар. Қала шетінде, елді-мекендерде тіптен қиын.

Аноним:

Бұл Павлодар ғой!!! Бізде қаңтардың бірінен бастап аяз тұр. -34 градус. Ал қала әкімі орталық көшелерден шағын автобустарды алып тастады. Енді халық сағаттап аялдамаларда тоңып тұрады. Автобустардың бағыттарын өзгертіп тастаған. Билік халықтың қамын «жақсы» ойлайды.

Аноним:

Астанада қыс шынымен де өте суық, желді. Бірақ мұны күлкіге айналдырудың не керегі бар? Астана халқын күлкі қылып.

Өтіп бара жатқан:

Екі орталықта жылылау. Ал сол жағалауда жел қатты. Бірде аязда автобус күтіп, 10 минут үшінде бетім үсіп кетті. Жақын маңдағы дүкенге кіріп амалдадым. Сосын дәріханадан дәрі алып, үсітіп алған бетіме жағып әлек болдым.

Астаналық «Титаниктегідей» үсіп қалмас үшін жылы киініп жүріңіздер дегеннен басқа на айтам?.. Ал сіз пікір білдіруден шаршамаңыз. «Өзге пікірге» сіздің пікіріңіз керек!