Adv pic
$475.25 €505.52 ₽4.95
×

Иран санкциядан құтылды

AstanaTV
18.01.2016ж. 20:00
1398
Иран санкциядан құтылды

Иран батыс салған санкциядан құтылды. Өткен демалыста Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, ядролық бағдарламаға қатысты Тегеран барлық талаптарды орындағанын, хабарлады. Содан соң Вашингтон мен Брюссель Ислам республикасын экономикалық санкциядан босатқандарын мәлім етті. Бұл жағдай жаһандық экономикаға бірден әсер етті. Күні бұрын Таяу Шығыс елдерінің қор индексі құлдырап кетті. Бұған Иранның тәулігіне 500 мың  баррель мұнай шығаратыны әсер еткен. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

10 жылға созылған санкция мұнайға бай Иранның экономикасын тоқыратырап тастады. Ядролық бағдарлама үшін, Еуроодақ пен АҚШ кезінде Ислам республикасын экономикалық шектеулермен шырмап тастаған. Санкциядан құтылған елді жаңа жобалар мен мүмкіндіктер күтіп тұр. Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Моджтаба Дамирчилу журналистерге бірінші кезекте ел мұнай нарығындағы позициясын нығайтатынын айтты. Жақын арада өндіріс көлемі бір жарым есеге артып, күніне 500 мың баррельге жетеді. Ал жарты жылдан соң күніне млн баррель өндіру көзделген. Елдің жалпы іші өнімі 4 пайызға өседі деп күтіледі. Иранның қуанышына бәрі ортақ емес. Вашингтон бірден зымыран бағдарламасына байланысты жаңа шектеулер енгізді. Эр-Рияд өткендегі дипломатиялық дау-дамайдан соң үнсіз. Тель-Авив қана ашық қарсылықты танытып үлгерді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Атом жөнінде келісімге қол қойса да, Иран ядролық қару иеленуге деген ұмтылысынан бас тарта аламай отыр. Ол Таяу Шығысты тұрақсыздыққа бастап, терроризмнің өршуіне әсер етіп, өзінің халықаралық міндеттерін елемей отыр. Израильдің саясаты айқын. Иранға ядролық қару жасауға жол бермейді. Біз жағдайды жіті бақылаймыз.

Қарапайым ирандықтар мәз-мейрам. Срапшылар да бұл шешім экономикалық һәм саяси тұрғыда аймақтағы ахуалға оң әсер етеді деп есептейді. 

Ватхик әл-Хашими, сарапшы:

Менің ойымша, санкциялардың алынуы аймақта тұрақтылық орнауына әсер етеді. Иранның жаһандық экономикаға араласуы қақтығыстардың бәсеңдеуіне және терроризмге қарсы топтардың бірігуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде Ирактағы қауіпсіздікке де әсер етеді.

Жағдай жаһандық экономикаға бірден әсер етті. Таяу Шығыста қор нарығы құлдырап, мұнай баррелі 28-ден төмен түсті. Тегеран бұл бағаға да төтеп береді. Бәрібір пайда бар. Онда мұнай өндірудің өзіндік құны 10 АҚШ валютасын құрайды.

Моджтаба Дамирчилу, Иранның Қазақстандағы елшісі:

Әрине, мұнай бағасы өсетін болса, Иран пайдаға кенеледі. Бірақ, тағы бір айта кететіні, Иранда өзіндік құны өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Сондықтан сіздің сұрағыңызға жауап: иә, бұл баға бізге қолайлы.

Дегенмен сарапшылар бүгінде нарықты ОПЕК-тің басқа мүшелері жаулап алғанын алға тартады. Оны қайтаруға уақыт қажет. Иран мұнайы бірінші кезекте Қытайға ағылады дейді. ҚХР төрағасы Си Цзинпинь Иранға аттанып та кетті. Қазақстан да Ислам Республикасымен байланыс орнатуға дайын. Кеше Тегеранда «Эйр Астана» әуе компаниясы Қазақстан мен Иран арасында тұрақты әуе қатынастарын жүргізуі жөнінде келісімшартқа қол қойды. Маусым айынан бастап Алматы мен Тегеран арасында аптасына 3 рет рейс қатынайды.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ