$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елбасы Астанада Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімшесінің әскери қалашығын салтанатты түрде ашты

AstanaTV
14.11.2014ж. 20:00
8064
Елбасы Астанада Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімшесінің әскери қалашығын салтанатты түрде ашты

Туың жығылмасын. Бүгін Елбасы Астанада Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімшесінің әскери қалашығын салтанатты түрде ашып, жасақ командиріне жауынгерлік жалауды тапсырды. Астана маңында орналасқан қалашықтың посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ. «Әлемнің дамыған 30 ел көшіне енуде әскерилердің де қосар үлесі салмақты», - деді Елбасы. Президент ұландарға қандай аманат айтты, ұландардың қолынан қандай сый алды - Азамат Алдоңғаровтың репортажы.

Жауынгерлік ту тапсыруға қаулы етемін.

Жақсылап ұста.


Салтанатты сап түзеген сарбаздар сәлемін Елбасы ерекше көңілмен қабыл алып, қаз тізілген әрбір жауынгерді мақтан тұтқандай болды. Ұлттық ұлан жоғары қолбасшысына жауынгерлік жалауды берген Қарулы күштердің Жоғары бас қолбасшы «мықтап ұста, туды жықпа» деп ағалық аманатын да айтты. 2007 жылы Ішкі әскерлерден Ұлттық ұлан болып өзгертілген жедел мақсаттағы бригаданың міндеті тым салмақты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

30 өркендеген елдің ішіне кіру үшін көп шаралар қолдануымыз керек. Төңіректе болып жатқан қиыншылықтарды ескере отырып, мемлекет алдын-ала үлкен қамданған шаралар жасап жатыр. Осының барлығы мемлекеттің, халықтың болашағы үшін.

Болашақ күннің тыныштығын күзететін ұландар қалашығының құрылысы 2009 жылы да басталып, 5 жыл ішінде толық салынып біткен. Әскери нысан құны 29 млрд теңгеге бағаланып отыр. ТМД-да теңдесі жоқ нысан соңғы техникамен жабдықталған. Бір сөзбен, Ұланның алаңсыз қызметіне бар жағдай жасалыпты.

Жандос Омарқұлов, Ұлттық ұлан Жоғары қолбасшысының орынбасары:

2500 адамға барлық жатын жағдай жасалынған, спорттық көлемде, мына жерде техниканы сақтайтын орындар, 260 автокөлікке арналған, оның ішінде арнайы мақсаттағы техникамыз бар, соларға арналған орындарымыз бәрі дайын.

Мультимедиялық ату тирі, стадион, оқу ғимараттары, 60 жатын және амбулаториялық ем алу үшін 100 орындық лазарет -бұның барлығы бір қалашықтың ішінде. Бос уақытты пайдалы өткізуге бай кітап қоры, ән-би залы, кинотеатр, мұражай, түзде табылмайтын кереметтің бәрі қол астыңда, қызмет орныңда деп қалжындайды әскерилер. Қазіргі таңда әскери бөлімшенің 1500 адам жеке құрамы бар. Алдағы жылда олардың қатары тағы 1000 адамға толығады.

Не өткізіп жатырсыңдар? - Жеке құраммен сіздің 11 қараша күнгі «Нұрлы жол» атты Жолдауыңызды талқылап жатырмыз. - Жұмыс істеп жатырма бәрі? - Дәл солай.

Елбасы оқу ғимараттарын аралап, әскери білім қуған ұлдарына сәттілік тіледі. Ал қалашықтың кезекті ғимаратында мемлекет басшысының өзін тосын сый күтті.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Ұлттық ұланның 5573 бөлімшесінің әскери қалашығының жер аумағы 20 га. Оның ішінде әскери қызметкерлер мен жауынгерлердің өмірі мен қызметіне қажеттінің барлығы бар. Менің артымда 104 пәтерлік тұрғын үй. Бұл да осы әскери бөлімшеде келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилерге беріледі.

3 отбасы салтанатты күні қоныс тойын тойлатты. Ұлан капитаны Арман Есенбаев 2008-ден әскер қатарында. Еңбегінің еленіп, қызметтік болса да, баспанаға қолы жеткеніне қуанышты.

Арман Есенбаев, 5573 әскери бөлімшесінің рота командирі:

Үй алу деген, шынымен, оңай нәрсе емес, былай айтқанда, өте қуанышты, оны сөзбен де айтып жеткізе алмайсың.

Жұбайы, екі қызы - төрт адам 5 жыл бойы пәтер табалдырығын тоздырған. Бірақ ол қаражаттың өзі жұмыс орнынан төленіпті. Бүгін кілті ұсынылған баспана толық жасауымен тартылып отыр.

Арман Есенбаев, 5573 әскери бөлімшесінің рота командирі:

Әрине, қиыншылықтар көрдік, былай айтқанда, қиыншылық көрмей, әрқашанда жақсылық келмейді. 

«Алмақтың бермегі бар. Бөлімше алдында үлкен жауапкершілік тұр. ЭКСПО көрмесін бір деммен тыныш өткізуге жасақ дайын», - дейді Ұлттық Ұлан Жоғары қолбасшысының орынбасары.

Жандос Омарқұлов, Ұлттық ұлан Жоғары қолбасшысының орынбасары:

Толықтыру арқасында қазір арнайы мақсатта қазір дайындық жүріп жатыр. Шілде айында оған толықтай дайын боламыз деп есептеймін.

Ұландықтардың қуаныштары осымен аяқталмайды. 2016 жылға дейін қалашық аумағында 220 пәтерлік тағы бір тұрғын үй салынады. Жақын жоспарда Астана халықаралық әуежайы маңында дәл осындай тағы бір әскери қалашық бой түземек. Ел ерім деп отыр, бір сөзбен. Мықты мемлекеттің негізі - мықты әскер.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ