$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Кәсіпкерлер, экологтар мәжіліс және мәслихат депутаттарының жаңа құрамынан өз өкілдерін көргісі келеді

AstanaTV
19.01.2016ж. 20:00
2012
Кәсіпкерлер, экологтар мәжіліс және мәслихат депутаттарының жаңа құрамынан өз өкілдерін көргісі келеді

Павлодарлық кәсіпкерлер палатасы бүгінде жергілікті мәслихат депутаттарымен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқандарын айтады. Іскер жандардың құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерге қатысты туындайтын түйткілдер, кәсіпкерлерді қаржылай қолдау сынды көкейкесті мәселелер бірлескен жұмыстың арқасында шешімін тауып жатқанын алға тартты. Ал, өндірістік аймақтардағы қоршаған ортаға жауаптылар, депутаттар арасынан экологияға мән беретін жандар табылса, дейді.

Серік Байсейітов, Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары:

Депутаттардың өздері бизнес өкілі болғандықтан, әрине, осы салаға қатысты мәселелердің оңтайлы шешілуіне үлес қосып келеді. Бүгінгі күннің өзекті түйткілдері, мәселен, 100 қадам жобасы аясында жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға жұмыла кірістік. 

Елена Полянская, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының экологы:

Соңғы кезде экология көпшілікті алаңдатып жүр, әсіресе өндірістік аймақтарды. Жаңа шақырылымда  осы мәселеге басымдық берілсе деймін. Қазір біздің елде «жасыл экономика» деген ұғым бар. Сондықтан әр депутат қоршаған орта мәселесімен бетпе-бет келеді деп ойлаймын. Егер олар бұл мәселеге ден қойып, түйткілдерді шешсе, онда ол - жетістік. Өйткені экологияның артында адамдардың денсаулығы тұр.

Оралдағы жастар қоғамдық бірлестіктері алдағы уақытта өз жұмысын жаңа форматта жүргізуді көздеп отыр. Бұл үшін олар жергілікті мәслихаттармен жұмысты күшейтпек. Бүгінде облыста жастардың 88 қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Белсенді жастардың күшімен 2004 жылы елімізде алғаш рет Батыс Қазақстан облыстық жастар мәслихаты құрылған еді. Жастар парламентаризмі жүйесін дамытуды көздеген бұл бастама көптеген игі істерге ұйтқы болды. 2006 жылы Қазақстанда алғаш рет жас отбасыларға арналған арзан бағалы тұрғын үйдің құрылысы Оралда басталды. Күні бүгін осы бағдарлама бойынша қалада үш үй бой көтеріп, жүздеген жас шаңырақ баспаналы болды. Енді жастар өз жұмыстарын жаңа форматта жүргізуді жоспарлап отыр.

Ермек Мұхамбетқалиев, БҚО жастар қауымдастығының төрағасы:

Облыстық жастар мәслихатының депутаттарын облыстық мәслихаттың бір-бір депутатына көмекші етіп қосуды жоспарға қойып жатырмыз. Соларға көмекші ретінде қастарында жүріп және үлкен-үлкен мәселелердің қалай шешімін тауып жатқанына көз жеткізіп, жас депутаттар үйрене бастайды.

Еркін КАРИН