$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық каолициясының отырысы өтті

AstanaTV
20.11.2014ж. 20:00
966
Астанада «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық каолициясының отырысы өтті

Астанада «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық каолициясының отырысы өтті. Жиында саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын іске асырудың ұтымды жолдары мен басым бағыттары жөнінде ойларын ортаға салды. Президент Жолдауында айтылған міндеттердің мән-мағынасына кеңінен тоқталған қауым мемлекет алдында тұрған жоспарларды сөз етті. Мемлекет басшысы тарапынан айтылған тапсырмаларды жұмыла атқару жолдарын жан-жақты талқылады. Жиын барысындағы ұсыныстар хаттамаға тіркеліп, Жолдауды орындау барысында ескерілмек.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

«Ертеңін ойлаған ел озар» демекші, қазіргідей жаһандық сынақтар жағдайында Елбасы экономиканың мүлдем жаңа сапалық құрылымын ұсынатын «Нұрлы жол» экономикалық саясатын жариялап отыр. Жаңа экономикалық саясат - бұл бүгінгі сынақтардан сүрінбей өтудің ғана жобасы емес, ол алдағы ондаған жылды қамтитын еліміздің сапалы дамуының кешенді жоспары, болашақтың инфрақұрылымына жасалған инвестиция.

Елбасы Жолдауында көпшілікті ерекше қызықтырған мәселе - баспанамен қамтудың жаңа бағыттары болғаны белгілі. Бұл жөнінде Үкімет басшысының орынбасары Бақытжан Сағынтаев таратып айтып берді. Осы бағыттағы алғашқы іс-шаралар алдағы жылдың қаңтарынан басталмақ. Жаңа тұрғын үй бағдарламасын қаржыландырудың жолдары мен құрылыс жұмыстарын жүргізетін оператор да бекітілген.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысына «Бәйтерек» қорына 0,1 пайыздық жарнамен 30 жыл мерзімге 145 млрд теңге қарыз беріледі. Бұл тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуші оператор - «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы. Қосымша 1 млн шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарда.

Ал Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов «Нұрлы жол» даму стратегиясының экономикалық, саяси маңыздылығымен қатар оның шынайылығына  назар аударды. «Көпшілік Жолдауды жылы қабылдады», - дейді ол. «Үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін, халқымыз елдігін көрсетіп, бірігуі тиіс», - деп түйді Ерімбетов. 


Нұрлан Ерімбетов, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті:

Егер де халық бір болмаса, жаңа жолдар, порттар салу жоспары - жай сөз. Осы мәселені бүгіннен қолға алу керек. Қазір тұс-тұстан шыққан арандатушылар көп. Халықты әлеуметтік, ұлттық, тілдік белгілері бойынша жіктеуге болмайды. Бұл басым бағыттардың бірі. Осы мәселеде идеологиялық жұмыстарды күшейту қажет.

Жиын қорытындысы бойынша «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы Үндеу қабылдады. Онда  барша қазақстандықтарды, бүкіл қоғамдық бірлестіктерді Елбасының мемлекеттік бағдарының төңірегіне топтасуға және жаңа экономикалық саясаттың іске асуын бірлесе қамтамасыз етуге үндеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ