$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынға 3 жыл шартты түрдегі жаза тағайындалды

AstanaTV
26.11.2014ж. 13:00
1013
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынға 3 жыл шартты түрдегі жаза тағайындалды

Тоғыз айға жуық қамауда болған Ерлан Арын бүгін сот залынан босатылды. Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта жарияланған үкімге сәйкес, экс-әкім үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Айта кету керек, әуелде бұрынғы басшыға алаяқтық, пара алу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша айып тағылған болатын. Алайда бүгін судья бұл баптардың «қызметтік бабын асыра пайдалану» бабына өзгертілгенін мәлімдеп, үкімді жариялады.

Қабиболла Байгөншеков, Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың төрағасы:

Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, жаза шартты түрде деп белгіленді. 3 жылға сынақ мерзімі тағайындалды. Сондай-ақ, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет етуден 5 жылға шеттетілсін. Арын тұрғылықты мекен-жайы мен жұмыс орнын тиісті органдарды ескертпей, өзгерте алмайды.

Сондай-ақ, соттың шешімімен Ерлан Арын мемлекеттік «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айрылды. Дегенмен, мұндай үкімді экс-әкімнің өзі байсалды қабылдады. Алайда бұрынғы басшы жазасының мейлінше жеңілдегенін сот залына жиналғандар қол шапалақтап, қуана қабылдады. Тіпті, босатылған Ерлан Арынды бірінен соң бірі құшақтап, жылы лебіздерін аямады.

Айжан Сабирина, Е.Арынның адвокаты:

Мен Ерлан Арынның сот залынан босатылып шыққанына ризамын. Бірақ дәл қазір нақты ештеңе айта алмаймын, өйткені қорғауымдағының пікірін білмеймін. Екіншіден, қандай баптар бойынша ол айыпсыз деп танылып, қайсысы өзгертілгенінен бейхабармын. Дегенмен, нәтиже көңілімнен шықты.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ