Темір
жолда тағы апат орын алды. Бұл жолы Қостанай облысында. Кеше сағат күндізгі
үштен он екі минут кеткен кезде, Арқалық қаласының ішкі істер басқармасының
кезекші бөліміне қоңырау түскен. Диспетчер 217-ші темір жол өткелінде тепловоз
көлікпен қақтығысып қалғанын хабарлаған. Белгілі болғандай, оқиға салдарынан
1968 жылғы жүргізуші түрлі жарақат алып, аурухананың жансақтау бөліміне
жеткізілген. Қазіргі таңда апат орнында Арқалық қаласының ішкі істер
басқармасының жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Оқыс оқиғаның себеп-салдары
қосымша тергеу барысында анықталмақ.
Айта кетейік, осыған ұқсас оқиға өткен
демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысында орын алған еді. Темір жол
торабынан өтуге тыйым салған белгіні елемеген ауыр жүк көлігінің 24 жасар
жүргізушісі жүк поезымен қақтығысып, оның 4 вагоны аударлыған. Қырсық шалғанда,
бұл арада қарсы беттен жолаушылар поезы келіп қалады. Машинист темір жол
көлігін тоқтатқысы келгенімен, апаттың алдын алуға мүмкін болмады. Астан-кестен
болып жатқан поез бен жүк көлігіне келіп соғылған екінші поездың 3 вагоны істен
шыққан. Ауыр жук көлігінің жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Жұрағат
БАМАН