$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Білім және ғылым министрлігінің отырысында Елбасының Жолдауы талқыланды

AstanaTV
28.11.2014ж. 20:00
1185
Білім және ғылым министрлігінің отырысында Елбасының Жолдауы талқыланды

Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауында білім саласына да ерекше ден қойылған. 3 ауысымды жүйені жою, апатты мектептерді қайта қалпына келтіру, ЖОО-ның біліктілігін арттыру - негізгі міндеттер қатарында. Аталмыш мәселелер бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында талқыланды.

Жиынға министрлік өкілдерінен бөлек, еліміздің өзге де өңірлеріндегі білім саласы мамандары қатысты. Білім және ғылым министрі бүгінде балабақша мәселесі өзінің толыққанды шешімін таппағандығын айтты. Кезекте әлі де жарты миллионға жуық бала тұр. Осы орайда олқылықтың орнын жою үшін, ұлттық қордан 20 млрд теңге бөлінді, яғни 2015-2017 жылдары 36 жаңа балабақша есік ашпақ.

Аслан Сарінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бұл бағдарлама экономиканың дамуына алдағы 5 жылда үлкен жол ашпақ. Бұл ҮИИД бағдарламасының уақытымен тұспа-тұс. 100-ден аса мемлекеттік сарапшылар да осы ойды қолдады. Нәтижесінде біздің билік шетелдік банктермен қаржы мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді.

Бөлінетін қаржының бір бөлігі ЖОО үшін беріледі. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі 10 ЖОО-да индустрияландыру бағдарламасының негізінде экономика ғылымы мамандары даярланады, деді министр. Оқу орындарының жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеуге  шетелдік MCKINSEY компаниясының мамандары тартылмақ. 

Сергей Кисилев, MCKINSEY компаниясының Қазақстандағы серіктесі:

Қордаланған мәселелер көп. Атап айтар болсам, сапа жағынан тәжірибе аз, ескірген материалдарға байланысты теориялық білім де бәсең. Студенттер жұмысқа қажетті нәрсені оқып жүрген жоқ. Оқу бітірген түлектердің білімі біздің бағдарламамен бағалайтын болсақ, төмен.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ