$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Қарағандылық бизнесмендер Кәсіпкерлік кодексіндегі терминді ауыстыруды ұсынды

AstanaTV
20.01.2016ж. 20:00
1656
Қарағандылық бизнесмендер Кәсіпкерлік кодексіндегі терминді ауыстыруды ұсынды

Қарағандылық бизнесмендер Кәсіпкерлік кодексі мен «Мемлекет және жеке меншік арасындағы әріптестік» туралы заңдағы «меморандум» терминін «келісімшарт» атауымен алмастыруды сұрайды. Бұл мәселе, бүгін аймақтық кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында талқыланды.

Өңірдегі палатаның мәліметінше, дәл осы «меморандум» терминінің кесірінен Қарағанды облысының талай кәсіпкері жапа шеккен. Олар мемлекеттік мекемелермен екі, не үш жақты меморандумдарға отырады. Кейін, көрсетілген қызмет ақыларын сот арқылы да ала алмайды, - дейді заңгерлер. Өйткені меморандумның «келісімшартпен» салыстырғанда заңды күші төмен. Дәл осының салдарынан жергілікті кәсіпкерлердің бірі Саран қаласының әкімдігі мен облыстық ауыл шаруашылық басқармасынан ақысын ала алмаған. Аймақтық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіп иелері мен мемлекеттік органдардың әріптестік қарым-қатынасы нақты «келісімшартпен» бекітілсе ғана, мұндай келеңсіздік жойылатынын айтты.

Серік Төрегелдин, Қарағанды аймақтық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы:

Кәсіпкерлер өз жағынан бәрін орындайды. Ал үкімет орындары өз жағынан төлейтін қаражатты уақытында төлемейді. Сосын олар сотқа барғанда, сотта көбінесе ұтылып қалады. Сот айтады: «Мынауың меморандум ғой. Неге шарт емес?» - дейді. Сондықтан ақша жөнінде әңгіме болса, тек қана келісімшартқа отыру керек. 

Айжан ҚУАШ