Көрші Ресейдің нарығындағы автокөлік
бағасы Қазақстанмен салыстырғанда анағұрлым арзан. Рубльдің құлдырауын
пайдаланған ақтөбеліктер көрші елдің сауда орындарын тауардан тазартуда.
Облыстық ішкі істер департаменті
дерегінше, ол жақтан әкелінетін көлік нөпірі желтоқсан басынан күрт өскен. Бұрын күніне шамамен 7-8 машина тіркелетін болса, қазір
тәулігіне 70-80 автокөлік тіркеуге алынды. Әкімшілік полиция бөлімі ай басынан
бері 700 темір тұлпар тіркегендерін, тағы 600-ге жуығы өз кезегін күтіп
тұрғанын айтты.
Омархан Сансызбаев, Ақтөбе облыстық ІІД ӘПБ тіркеу
бөлімшесі бастығының орынбасары:
Осы автокөліктің Ресей мемлекетінен көп келуіне байланысты біздер 8 сағат
емес, 10-12 сағаттық режимге көштік.
Ресейден 2 автокөлік жеткізген Дастан
Құлданов шамамен 5-6 мың АҚШ долларын үнемдедім, дейді. Барлық салық төлемдері мен жолға жұмсалған шығындарды
есептегеннің өзінде көрші елден көлік алу тиімді деп отыр. Соңғы уақыттары жол
бойында қарақшылар көбейді деген сөзді де жоққа шығарды. Мәскеуден Ақтөбеге
дейін ешқандай кедергісіз жеткенін айтып, мұндай алып қашпа сөздерді жергілікті
көлік дүкендері таратуы мүмкін, дейді. Себебі, ресейлік әріптестері
автокөліктерді әлдеқайда арзан бағаға саудалауда деп түсіндірді.
Дастан Құлданов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Мысалы, «Тойота-Каролла» көлігі ол жақта 7-8 мың АҚШ долларына арзан. Ал, «Ленд Крузер» автокөлігінің баға айырмашылығы, тіпті 20 мың АҚШ доллары шамасында.
Салондарда тіптен автокөлік қалмаған. Тек тапсырыс беріп қана алдырады.
Қаңтарға дейін сұраныс түсіп жатыр.
Мансұр ЕСҚОЖИН