Егемен елдің бүгінгі жетістіктері - Тәуелсіздіктің
жемісі. Іргелі елдің елеулі азаматтары бүгін барша қазақстандықтарды
Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Қоғам қайраткерлері, өнер, білім, спорт
саласының саңлақтары, тарихта мәңгілік құндылығымыз болып қалар жетістігіміз - егемендік, деген пікір білдірді.
Күләш Шәмшітдинова, «Назарбаев Зияткерлік
мектебі» АҚ басқармасының төрайымы:
Бұл біздің еліміз үшін, мемлекет үшін ең керемет,
ең құрметті маңызды мерекелердің бірі деп есептеймін. Біз бұл отанымыздың
мерекесін тарихтан оқып-біліп жатқан жоқпыз, біз өзіміз бірге, отанымыздың
тәуелсіздігімен бірге есейіп, бірге өсіп келе жатырмыз. Сондықтан да біздің
еліміз нұрлы жолменен нұрлы болашаққа жетеді деген сенімдемін. Еліміз аман,
жұртымыз тыныш болсын. Балаларымыз бақытты болсын.
Владимир Смирнов, шаңғы спортынан олимпиада
ойындарының чемпионы:
Спорт әлемі тәуелсіздік арқасында қол жеткен
мүмкіндіктерге алғыс айтуы тиіс. Әлем біріншіліктері, олимпиада ойындарындағы
жетістіктер, әрине, егемендіктің арқасында. Кәсіпқой спортшыларымыз жеткен
жетістіктері үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек алуда. Барша
қазақстандықтарды, астаналықтарды осы бір айтулы күнмен құттықтаймын. Мереке
құтты болсын!
Илья Ильин, ауыр атлетикадан олимпиада
ойындарының екі дүркін чемпионы:
Республикамыздың
егемендігімен, халқымыздың Тәуелсіздігімен баршаңызды құттықтаймын. Мықты
денсаулық, табыс және ең бастысы халқымызға татулық тілеймін. Біртұтас ел
болғанда ғана, барлық қиындықты жеңіп, үлкен жеңіске жетеміз. Біз бақытты
халықпыз, бірлік пен бейбітшілік болсын!
Азамат АЛДОҢҒАРОВ