Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Тәуелсіздік күнін Қызылорда облысы ерекше атап өтуде

AstanaTV
16.12.2014ж. 20:00
1444
Тәуелсіздік күнін Қызылорда облысы ерекше атап өтуде

Тәуелсіздік күні Қызылорда облысында да ерекше атап өтілуде. Жалағаш кентінде әжелер мен мектеп оқушыларынан құрылған топ жалғыз басты қарияларға қонаққа барып, көңілдерін көтеріп қайтты.  

«Игілік» тобы белсенді оқушылардан жасақталған. Жалғыз басты қарттарға көмек қолын созу жайлы 10 сынып оқушыларының бастамасын ұстаздары да құптады. Бірінші болып Зағира әжейдің үйіне келген балалар қарияның ауласын тазартып, отынын жаруға көмектесті. Ал, мектеп мұғалімдері шатырын жамап берді.

Зағира Қанатова, еңбек ардагері:

20 жыл бұрын осы үйді өз күшіммен салғанмын. Қазір ешкім ешкімге көмектеспейді, маған көмектесіп жатқанына қуаныштымын. Мынау келіп жатқан кемпірлеріме де, рахмет!

Арман Шайзат, Жалағаш кенті № 202 мектептің 10 сынып оқушысы:

Үйлерін әктеп, суларын тасып, отындарын бұтап, үй ауласын сыпырып, басқа да өздеріне қажетті жұмыстарын жасап береміз.

Бүгінде баспананың шатыры тесіліп, қабырғасы үгітіліп тұр. Қария жел соқса, құлап қалады ма деген уайымын да жасырмайды. Бүгінгі қонақтарды көрген әжей алдымен тосырқап қалса да, қуанышын жасыра алмады.

Гүлістан Жайлаубаева, әжелер ансамблінің мүшесі:

Үлкен кісілер ренжігіш келеді, бала сияқты кішкентай. Демеу болып демеушілер, біздің әкімшіліктен көмек беріп жатқан шығар. Ал біз бүгін үлкен кісілердің көңілін көтерейік деп, көмектесейік деп. Жалғыздық деген деген қиын сондай, адам басына келмесін.

Жәрдемші топ зейнеткер Жақсылық атаның да шаңырағында болып, көңілін сергітті. Еріктілердің бұл көмегі дер кезінде жасалған сәтті қадам болды дейді қария. Өмірден көргені мен түйгені мол еңбек ардагері оқушылардан ақыл-кеңесін аяп қалған жоқ.

Жақсылық Жақиев, еңбек ардагері:

Елбасымыз Президент болғалы 18 Жолдау болды. Соның соңғысы «Нұрлы жол» деп аталады. Осының ішінде ел экономикасын дамыту арасында білім беру және деңсаулық сақтау, халықтың жағдайын көтеру жөнінде көп мәселелер көтеріліп жатыр. Болашағымыз - жастарда, жастар өте сауатты болуы керек, қоғамда белсенді болуы керек.

Балалар 12 жалғыз басты ардагер мен тұрмысы төмен отбасына көмектесуді жоспарлаған. Өнерпаз әжелер мен оқушылар Жаңа жылға дейін олардың барлығына жәрдем беріп үлгереміз деп отыр. Өз қолымен жасаған сыйлықтарын ұсынып, жүрек жылуын да тарту етпек.

Шарипа САҚТАПОВА