×

Қостанай тұрғыны бірнеше ғимарат көшірмесін қолдан жасады

AstanaTV
16.12.2014ж. 20:00
2637
Қостанай тұрғыны бірнеше ғимарат көшірмесін қолдан жасады

Қостанай облысы Жамбыл ауылының тұрғыны Анатолий Щепотьев Тәуелсіздік күні қарсаңында Елорда төріндегі бірнеше ғимараттың көшірмесін қолдан жасап шығарды. Қарапайым гидротехник Бас қаланың символына айналған «Бәйтерек», «Пирамида», «Ақорда», «Хан шатыр» секілді таңғажайып нысандардың макетін қағаздан желімдеп құрастырған. Астананың ауылда жасалған көшірмесін аймақтағы тілшіміз Заңғар Санай да тамашалап қайтты. 

Жамбыл ауылының тұрғыны Астанада болып, таңғажайып сәулет-нысандарды көзімен көріп қайтты. Артынша ауылға келісімен, алып ғимараттардың шағын макеттерін жасауға кіріскен.

Анатолий Щепотьев, Жамбыл ауылының тұрғыны:

Әуелі әйгілі «Бәйтерекке» көтерілдім. Сонда Астананы түгел көзім шалды.Төмен түскен соң, көргенімнің бәрін шағын макетке айналдыруды мақсат тұттым.

«Астанаға барғысы келетін адамдар менің үйіме қонаққа келсе болады»,- деп қалжыңдайды Анатолий шебер. Ол «Бәйтерек», «Пирамида», «Ақорда», «Хан шатыр», «Думан» ойын-сауық орталығы, басқа да зәулім ғимараттардың шағын макетін өз қолымен жасаған. Барлығы тоғыз туынды. Әсіресе Хан шатырдың көшірмесін 1 келі қағаздан қию үшін, екі айға жуық еңбек еткен.

Анатолий Щепотьев, Жамбыл ауылының тұрғыны:

Хан шатырдың сәулеттік құрылымы ерекше. Ең бастысы, оның шалқайып тұрғанын көрсетуім керек болды. Осы тұста біраз қиналдым. Бірақ ептілігімнің арқасында, елорданың ғажап ғимаратын, нақтысы оның көшірмесін жасап шықтым.

Сурет пен сәулет өнеріне еш қатысы жоқ ауыл тұрғыны гидротехника саласында қырық жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қостанайлық шебер, шағын макеттер жасауды жиырма жыл бұрын қолға алдым, дейді. Осы уақыт аралығында 70-ке жуық ғимараттың көшірмесін қағаздан қиып шығарған. Туындыларының жартысын мектептер мен мұражайға тапсырыпты.

Основной инструмент, конечно, скальпель со сменными ножами. Потому что вырезать окно невозможно без скальпеля.

Шебер еңбектерінің бір тобын Қостанайға арнапты. «Марал ишан» мешіті, «Қазақ-Француз» орталығы, «Облыстық әкімдік» ғимараттары шағын макетке қондырылған. Ауыл тұрғыны Мәскеудегі Кремльді де тұтастай қағаздан қиып, кәдімгі көшірмесін қолдан жасады. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ресейдегі Мамаев-Қорған панорамасын жасауға кірістім дейді. Оның ұзындығы екі метр болады деп, жоспарлап қойған.

Заңғар САНАЙ