Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қазақстан Ресейге ет экспортын тоқтатуға мәжбүр

AstanaTV
24.12.2014ж. 20:00
1183
Қазақстан Ресейге ет экспортын тоқтатуға мәжбүр

Рубльдің құлдырауына байланысты Қазақстан Ресейге ет экспортын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді. Бұған дейін ай сайын 2 мың тонна сиыр еті көрші елге сатылып келген. Министрдің айтуынша, Ресей валютасының арзандауына байланысты, тонналаған ет экспортталмай тұр. Отандық шаруалар жағдайдың тұрақталғанын күтуде. Айта кетейік, министрлік биыл сырт елдерге барлығы 10 мың тонна ет сатуды жоспарлаған. Оның ішінде 5 мың тоннасы -  сиыр еті.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қазіргі таңда Ресейге ет сату тоқтатылды. Өйткені тиімсіз. Тауар қатталып мұздатқышта сақтаулы. Шаруалар хабарласып, қазіргі рубль курсымен сатудың мәнісі жоғын айтады. Жағдай уақыт өте қалпына келеді деп ойлаймыз.

Жылдың соңғы айларында министрге ең жиі қойылған, қызметіне қатысты сұрақ бұл жолы да алдынан шықты. Оның бұрынғы орынбасары Мүсілім Өміриявке қатысты апелляциялық сот үкімі өзгеріссіз қалғаны мәлім. Экс-шенеунік 10 жылға сотталды. Әу баста Асылжан Мамытбеков орынбасарының қылмысы дәлелденсе, өзі де отставкаға кететінін айтқан. Бірақ алғашқы сот отырысынан соң, ол әлеуметтік желіде қызметтен кетпейтінін меңзеген пост жазды. Сондай-ақ, сот процесі әлі аяқталған жоқ деген болатын.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Енді бұл сұраққа мен толық жауап бердім деп ойлаймын. Мен бәрін жаздым. Осы жазғаннан басқа өзгеріс жоқ.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ