Бес күннен соң есік қағатын
жаңа жылдың ерекше лебін бүгін соғыс ардагерлері де сезінді. Жастық жылдарын
майдан даласында өткізген жандарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы
құттықтады. Келер 2015 жылы Жеңіс туының желбірегеніне 70 жыл толады. Ал ТМД
аумағында Ардагер жылы аталмақ.
Айта кетейік, желтоқсанның 26-сы 30-ы
аралығында Отан соғысы ардагерлеріне құрмет акциясы жалпыұлттық деңгейде өтеді.
Осы аралықта еліміздегі 5115 майдангердің барлығы құрметке бөленеді.
Шымкенттік шенеуніктер бүгін
соғыс ардагерлерінің үйлерін аралап жүр. Бекер емес. Елбасының арнайы
құттықтауын қарт майдангерлерге өз қолдарымен табыстауда.
Сізді ҰОС Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толатын жаңа
2015 жылмен шын жүректен құттықтаймын.
Қарт майдангер Қорғанбай Елеуов
үшін бұл құрметтің жөні бөлек. Себебі Президенттің өзі жолдаған марапат - бұл. Биыл 90 жасқа толған ардагер Қазан,
Ленинград және Волковск қалаларын жаудан азат еткен. Ерліктерінің естелігіндей
болып тұрған бүгінде кеудесіндегі төсбелгілері.
Қорғанбай Елеуов, соғыс
ардагері:
90-ға келген жасымызды
ұмытпастан, мен сияқты қарияларды ұмытпастан, еске алып, Президентіміз сыйлық
жіберіп, сол сыйлығын алып, бергеніне, еске алғанына көп-көп рахметімді айтам.
Айта кетейік, Оңтүстік
Қазақстан облысында қазір 195 соғыс ардагері бар. Аймақ басшылары бүгін
Елбасының тарту-таралғысын он ардагердің қолына апарып табыстады.
Бекназар Айтжанов биыл 92-ге
толды. Өзін тың сезінеді. Алла сәтін салса, алдағы мамырда Жеңістің 70 жылдығын
Мәскеу қаласында қарсы алу ойында бар қарияның. Бүгінгі бейбіт өмір үшін
кезінде қан кешкен ардагер егеменді еліміздің баянды болуын тіледі.
Жаңа жылдың қарсаңында жақсылық
тілеймін. Егемендік алған еліміз алға баса берсін. Сендердің өмірлерің ұзағынан
болсын. Біздің егемендігіміз бен бейбітшілігіміз мәңгілік болсын.
Солтүстік Қазақстан облысындағы
ардагерлер де назардан тыс қалмады. Жергілікті атқамінерлер өңірдегі 288
ардагердің барлығын дерлік 3 күнде аралап шығып, ел Президентінің сәлемін жолдамақ.
Елбасының құттықтауына ие болғандардың бірі - зұлмат соғысты басынан кешірген Мұқатай
Айтбаев. Ұлы Отан соғысының ардагері ендігі жылдың 9 мамырында 90 жасқа келеді.
Мұқатай Айтбаев, соғыс ардагері:
Сізге зор денсаулық және
қажымас қайрат, ұзақ та, бақытты ғұмыр, амандықты тілмейміз, Нұрсұлтан
Назарбаев. Рахмет күніме! Сәлем айтыңыздар біздің атымыздан. Біз де тілейміз.
Денсаулығы жақсы болсын. Өмір жасы ұзақ болсын. Жанында істеп жүрген барлық
жігіттері аман болсын.
Мемлекет басшысының арнайы
тартуынан Маңғыстау облысының
ардагерлері де құр қалмады. Бір
күнде мұндағы шенділер жиырма майдангердің қолын алып, бірге дәмдес болып үлгерді. Әрбіріне азық-түлік салынған
себеттер мен Президент құттықтауы берілді. Бұл көбіне тек Жеңіс күні ғана
назарға ілінетін аға буынның мерейін бір көтерген күн болды.
Ал Жеңістің 70 жылдығына орай
Оңтүстік Қазақстан облысындағы соғыс ардагерлерінің әрбірі 1 млн теңге
шамасында сыйақы алады. Бұл қатары азайып бара жатқан ардагерлер үшін алдағы
жасалар сый-сыйапаттың жалғасы. Айта кетейік, 2015 жыл ТМД елдерінде Ардагер
жылы болып жарияланды. Майдангерлерді құттықтау акциясы алғашқы болып
Қазақстанда қолға алынды.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ