$482.86 €533.17 ₽5.08
×

Қостанай қаласының экс-әкімі мен бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
25.01.2016ж. 20:00
1487
Қостанай қаласының экс-әкімі мен бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды

Бүгін Қостанайда қаланың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановқа, оның орынбасары болған Мақсұт Қалиевке және 3 кәсіпкерге қатысты сот отырысы басталды. Әкімдік ісі деп айдар тағылған алғашқы сот отырысында-ақ экс-әкім өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Қылмыстық іс материалына сәйкес, экс-әкім Ахметбек Ахметжанов «ірі көлемде пара алған», «лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланған», «кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді» деген бірнеше бап бойынша айыпталып отыр. Есесіне, «пара алуға делдалдық жасаған» деп айыпталған әкімнің бұрынғы орынбасары Мақсұт Қалиев  кінәсін мойнына алды. Олардан өзге, кәсіпкер Гагик Овнанян бірнеше рет ірі көлемде пара бергені үшін, Сергей Бектібаев пен Леонид Васильев лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға жәрдемдескендері үшін жауапқа тартылмақ.

Таңат Тасов, Қостанай облыстық прокуратурасының прокуроры:

Қала әкімі Ахметжанов, мемлекеттік қызметтегі жауапты, лауазымды тұлға екенін біле тұра, қасақана, өз мүддесі үшін қызметтік бабын асыра пайдаланып, қабылдаған антын бұзды. Сыбайлас жемқорлыққа жол берді. Ол өзінің қылмыстық әрекетін жалғастыра отырып, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне қайшы келетін ауыр қылмыс жасаған.

Еске салайық, қала басшысы өткен жылдың қыркүйек айынан бері үйқамақта отыр. Қалғандары уақытша тергеу изоляторына жабылған болатын. Айыптау қорытындысына сәйкес, олар қазынаның 70 миллионнан астам теңгесін талан-таражға салған. Бұл қомақты қаржы Қостанайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен балабақша құрылысына бөлінген. Алайда, тергеу материалдары бойынша, Ахметжанов кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, заңға қайшы әрекет еткен.

Заңғар САНАЙ