Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қарағандының алты жүздей тұрғыны ауыз суға зар болып отыр

AstanaTV
06.01.2015ж. 20:00
1124
Қарағандының алты жүздей тұрғыны ауыз суға зар болып отыр

Қарағандының алты жүздей тұрғыны ауыз суға зар болып отыр. Сұрыптау стансасының жеке секторында тұратын отбасылар ауыз суды шелектеп сатып алады. Жергілікті билік кезінде шағын ауданның 4 бірдей ұзын көшесін орталық су жүйесіне қосуды ұмытып кеткен. Кенттегі су мәселесін біздің арнамыз өткен жылдың қазанында да көтерген. Сол кезде Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің жетекшісі 2014 жылдың соңына дейін тұрғындар ауыз сумен қамтылады деген уәде берген. Өкінішке орай, шенеунік сөзінде тұрмады.Тақырыпты Айжан Қуаш жалғастырады.

Мына су 200 теңге, мынау - 50 теңге. Бұл деген масқара, сұмдық!

Жанагүл Әбежанова суды екі шақырым алыста тұратын үйден тасиды. Сатып алатындықтан, демалыс күні бар ыдысын толтырып қояды. «Шөл қандырып, кір-қоң жуу мұңға айналғалы қай заман», - дейді. Ауыз судың зары мен жол азабынан әбден қажыған отанасының шенеуніктерге өкпесі қара қазандай.

Жанагүл Әбежанова:

Су тасумен өміріміз өтеді. Июнь, июль, август, сентябрь, октябрь жүгірдік. Не әкім, не орынбасары жоқ.

Жұрт әділдік іздеп шырылдағанмен, мәселе шешілмей тұр. Шана сүйреткен тұрғындар бүгін де бірнеше бөтелке суды 200 теңгеге сатып алып, үйіне қайтты.

Айжан Қуаш, тілші:

«Мына баспа құдық жап-жаңа, өткен жазда ғана қойылған. Бірақ, орната сала, істемей қалыпты. Тұрғындар одан бір-ақ рет су алып көрген. Осындай бос тұрған колонкалар көп. 6 мың халқы бар кентті түгелдей аралап шықсақ та, су ағып тұрған бірде-бір шүмек таппадық.

Лермонтов, Пионер, Молдова, Уран көшелерінің тұрғындары ауыз суға 1990-шы жылдардан бері жарымай келеді. Шенеуніктер өткен жылдың соңына дейін су тартылатынын айтқан.

Жақсылық Шалабеков, Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің жетекшісі:

Қашанда жақсылыққа сену керек. Ол жақсылық алыс емес. Біз биылғы жылдың соңына дейін бұл көшелерге су құбырын тартып, бүкіл Сұрыптау кентінің халқын сумен қамтимыз.

Алма Өткелбаева:

Шалабеков мырза 2014 жылдың аяғына дейін су болады деді. Қаншама ақша шыршаға, қаланы безендіруге бөлініп жатқанда, бізге су берсе, үлкен сыйлық болар еді. Енді Елбасына хат жазғаннан басқа амал жоқ.

Ал бүгін уәделі шенеуніктер 7 қаңтар, яғни мерекеден кейін ғана ақпарат бере алатындарын айтты. Дегенмен тұрғындар қол жинауды бүгіннен бастап кетті. Жұрт, су құбырының жобасын депутаттар бекітпей қойыпты, деседі. Бірақ мәселенің мән-жайын нақты ешкім білмейді.

Айжан ҚУАШ