$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Қарағандылық такси жүргізушілері міндетті автоорындықтармен жабдықталуға мұрсат сұрап отыр

AstanaTV
08.01.2015ж. 20:00
918
Қарағандылық такси жүргізушілері міндетті автоорындықтармен жабдықталуға мұрсат сұрап отыр

Қарағандылық такси жүргізушілері міндетті автоорындықтармен жабдықталуға мұрсат сұрап отыр. Қарағанды полицейлері жолаушы тасымалдаушыларға түсіністікпен қарап, әзірге айыппұл салмайтындарын жариялады. Ал сарапшылар қазір ең қат тауарға айналған автоорындықтардың сапасына байланысты ақыл-кеңестер беруде. Бүлдіршіндер болса, жеке орындықтарға бой үйрете бастапты.

4 жасар Артем үшін автоорындық - тосын жаңалықпен тең. Бүгінге дейін салонның артқы орындығында қауіпсіздік белдігін ғана тағып үйренген бала жеке креслоға алғаш рет отырды. Арзан орындықтардың барлығы өтіп кеткендіктен, бұл креслоны ата-анасы 55 мың теңгеге сатып алыпты.

Венера Елешева:

Сатып алудан басқа амал жоқ. Заңның аты заң. Бұрын автоорындықта отырып көрмегендіктен, ақырындап үйретіп жатырмыз. Мазасызданып, мені алаңдатпау үшін, сүйікті ойыншықтарын ұстатып қоямын. Үйреніп қалған сияқты.

Автоорындықтар жайы елде қызу талықыланып жатқанмен, сатып алушылар көп. Мамандар оларды қалай орнату қажеттігін түсіндіріп бағуда. Мәселен, тысы синтетика болғандықтан, жазда орындықтарды ылғал тартпайтын арнайы тыспен қаптауға кеңес береді. «Қыста баланы сырт киіммен отырғызбаған жөн», - дейді.

Юлия Загрищенко, сарапшы:

Автоорындықты таңдаған кезде, оның қай топқа жататынын, әр баланың салмағын ескеру қажет. Балаңыздың салмағына сай келмейтін орындық алмаңыз. Бір жасқа дейінгі бүлдіршіндерді сіздің көлігіңіздің жүрісіне қарсы қойылатын орындыққа отырғызған жөн. Бұл едәуір қауіпсіз. Егер бала 6 жастан асса, бустерлер алу керек.

Ал елдегі таксопарктердің көпшілігі автоорындықтармен жабдықталмаған. Мысалы, Қарағанды дүкендерінде мұндай сертификатталған тауар мүлдем жоқ. Сондықтан таксистер қауіпсіздік орындықтарын әлі ала алмай жүр. Қазір қат тауарға тапсырыс беріп, ақша шашқысы келмейтіндер де бар.

-Машины с автокреслами? -Нет, автокресел нет у нас, только дети что ли? -Да. -Аа, тогда извините, с автокреслами нет.

Виктор Шабанов, Қарағанды қаласы таксистер одағының төрағасы:

Орындықтар балаларға ыңғайлы, сертификатталған болуы тиіс. Ресей, Қытай тауарларының сапасы әртүрлі. Әр басшы өз қалауын таңдайды. Жабдықталу үшін бір-екі апта қажет. Мысалы, ресейліктер 12 қаңтарға дейін демалады. Сондықтан бізге осы айдың соңына дейін уақыт керек.

Қарағанды полицейлері бүгін өткен баспасөз кездесуінде таксистерге түсіністік танытатындарын айтып, уәде берді. «Бала орындығын қоймағандарға уақытша айыппұл салынбайды», - деді.

Ерғабыл Жүкенов, Қарағанды облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Бүгін-ертең айыппұл салмаймыз. Адамгершілік танытып, біраз тоса тұрамыз. Бірақ заңның аты заң. Оны өзгерте алмаймыз.

Ішкі істер департаменті балалардың қатысы бар жол апаттары көп екенін тілге тиек етті. Өткен жылы Қарағандыда 19 бүлдіршін қыршынынан қиылған. Сондықтан полицейлер айыппұл салуды уақытша шегергенмен, жүргізушілерді тездетіп орындықтармен жабдықталуға міндеттеді. Тек жеңілдіктің қанша мерзімге созылатынын нақтыламады.

Айжан ҚУАШ