Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

СҚО-ның Аққайың ауданындағы екі мектепте отын таусылуға жақын

AstanaTV
08.01.2015ж. 20:00
1312
СҚО-ның Аққайың ауданындағы екі мектепте отын таусылуға жақын

Солтүстік Қазақстанның Аққайың ауданында екі орта мектеп қақағалы тұр. Аудан басшылары білім ордаларын жылытатын отын іздеп әлек. Мектепті жылытатын пеш дизельдік отынмен жұмыс істейді. Қазір екі мектепте сұйық отынның жиырма тоннасы қалған. Ал оларды жағармаймен қамтуға уәде берген компания өз міндетін атқаруға асығар емес. Ертең оқу жылының жаңа тоқсаны басталады. Ауылдағы білім ордаларының жағдайымен аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жіті танысты.

Смирнов ауылдық №2 орта мектепте 257 бала оқиды. Орташа температураны ұстап тұру үшін мұнда күніне дизельдік отынның 160 литрі жағылады. «Ал аязды күндері тіпті үш жүзден асып жығылады», - дейді мектеп басшылығы. Қазір балалар қысқы демалыста жүр. Сондықтан сұйық отынды үнемдеуге көшкен.

Әйгерім Ақмамбаева, Смирнов ауылдық №2 орта мектебінің директоры:

Демалыс кезінде пештер жартылай жұмыс істеп тұрды. Қатты аяздар болған кезде дизельдік отынның шамамен 350 литрі кетеді. Қаңтардың аяғына дейін жетуі керек.

Бар гәп «СК Бақыт ойл» серіктестігінде болып тұр. Тендерге қатысып, Аққайың ауданының 3 мектебін отынмен қамтуға міндеттелген. Алайда компания келісімшарт талаптарын орындамай жатыр. «Серіктестік бастапқыда келісілген 363 тоннаның тек 155-ін ғана әкелген. Ал қалғанын тасымалдауға ынта білдірер емес»,  - дейді аудандық білім бөлімі жетекшілері. Бұл кәсіпорынмен 10 жыл жұмыс істеп келген аудан басшылығы мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айтады.

Еділ Жәкенов, Аққайың ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Бұл кәсіпорын өз міндетін 10 жылда бірінші рет орындамай отыр. Биылғы жылыту маусымына жоспарланған сұйық отынның 363 тоннасы үшін біз оған 49 млн теңге төледік. Келісімшартқа сәйкес ол бізге әлі 208 тонна әкелуі тиіс болатын. Бірақ бас тартты. Біз бірден сотқа шағымдандық. Енді сот арқылы 31 млн теңге өндіріп алмақшымыз.

Прокуратура мамандарының дерегіне сенсек, аузын қу шөппен сүртіп отырған «СК Бақыт ойл» компаниясы өңіріміздің 90-ға жуық мекемесін бақыр тиынсыз қалдырған. Олардың ішінде тек мектептер ғана емес, ауруханалар мен әкімдіктер де бар. Аталған нысандардың барлығы дерлік өз міндеттерін қыркүйектен бастап орындамаған компанияның үстінен арыз жаудырған. Қазір сот процестері жүріп жатқанын айтты. «Сондай-ақ, міндетіне енжар қараған аталған компания қазір банкротқа ұшыраудың алдында тұр», - дейді.

Шолпан Әбдірахманова, СҚО прокуратурасы 4-басқарманың бастығы:

«Бақыт ойл» серіктестігі қыркүйектің алтысынан бастап бензинді бермей қойды. Айтуларынша, олар сатып алатын компаниялар сұйық отынның бағасын аспандатып жіберген. Қазір 90-ға жуық арыз негізінде сот отырыстары өтіп жатыр. Оның жартысынан астамы мемлекеттік мекемелердің пайдасына шешілген. Қазір біз қалған арыздармен жұмыс істеп жатырмыз.

Ал Аққайың ауданының әкімдігі енді мектептерді сұйық отынмен қамтамасыз ететін басқа компанияны іздестірмек. Мемлекеттік тапсырысқа қатысты байқауды ертең жариялап, жылу мәселесін бір-екі аптаның ішінде шешуді жоспарлап отыр. Дизельге қажет қосымша 31 млн теңгені бюджетті қайта қарастыру арқасында тапқан. Ал қазынадағы жыртықты сот арқылы өндірілетін қаражатпен жамамақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН