Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

БҚО-дағы Берез аулының тұрғындары Орал қаласындағы жүйке аурулары орталығында дәрігерлік тексеруден өтуде

AstanaTV
09.01.2015ж. 10:00
930
БҚО-дағы Берез аулының тұрғындары Орал қаласындағы жүйке аурулары орталығында дәрігерлік тексеруден өтуде

Батыс Қазақстан облысындағы Берез аулының тұрғындары енді Орал қаласындағы жүйке аурулары орталығында дәрігерлік тексеруден өтуде. Айта кетелік, 28 қарашада Берез ауылындағы мектепте 25 оқушы мен мектеп қызметкерлері ес-түссіз құлаған еді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаппай тексеріс нәтижесінде Берез ауылы тұрғындарының тең жарымынан патологиялық науқас белгілері анықталған. Тексерілген 1 357 адамның 300-ден астамы - балалар. Әкімдік таратқан ақпаратқа сүйенсек, ауылдықтардың 30 пайызы тыныс жолдары ауруына шалдыққан, тағы 21 пайызының қан-айналым жүйесі нашарласа, тұрғындардың 14 пайызының ас қорыту жүйесінен кінәрат табылған. Бүгінде мұнда кардиология мен ішкі аурулар институты мен педиатрия институтының дәрігерлері жұмыс жасауда. Алдағы уақытта бұл іске балалар кардиологы, невролог пен педиатр секілді мамандар да тартылмақ. Дегенмен, тексеру жұмыстарының толық нәтижесі 20 қаңтар күні белгілі болады.

Қарлығаш Досмаева, Берез ауылының тұрғыны:

Алматыдан профессор келген ғой, сол профессор тексеріп, сұрақтар қойып балаларға. Ешқандай өзгеріс жоқ әзір. Сол баяғы бір күйде. Мені тексергенде, маған айтты, жүректі тапты. Арықтау керек дейді, арықтасаң, ауырмайсың дейді.

Тұрғындардың айтуынша, ауылындағы жағдай әлі өзгеріссіз. Жаңажылдық шырша тойы кезінде тағы бірнеше оқушының саулығы сыр берген көрінеді. Қазір мектеп оқушыларының бір бөлігі шипажайда емделіп, тағы екі оқушы Астанадағы оңалту орталығына жіберілген. Осы оқиға ізімен қозғалған қылмыстық іспен ІІМ арнайы тергеу комитеті айналысуда. Сонымен қатар, ауа мен судан 2 мыңға тарта сынама алынып, қалыпты жағдаймен сәйкестігі тексеріліпті. Ауылдықтар балалардың улануына Қарашығанақ кенішін кінәласа, прокуратура да оқыс оқиға болған күні осы кеніште ауаға газ таралғанын қуаттап отыр.