Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Түркия президентінің сапары Түркістанда жалғасты

AstanaTV
17.04.2015ж. 20:00
1570
Түркия президентінің сапары Түркістанда жалғасты

Түркия президентінің еліміздегі мемлекеттік сапары бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында жалғасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоған Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті. Екі ел басшылары бұдан соң көне шаһарда бой көтерген 2 мың орындық жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Қос ел президенттері мешіт құрылысын жүргізу жөніндегі келісімге 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы аясында қол қойған еді. Жалпы аумағы 2 гектарды алып жатқан мешіт құрылысы Түркия тарапынан қаржыландырылған. Оған 2 млрд теңге шамасында қаражат кеткен. Ғибадатхана мұнарасының биіктігі 33 метрді құраса, күмбездің биіктігі - 31 метр. Осы жерде президенттер жұма намазына қатысты.

Бауырлас екі елдің басшылығы мұнан соң халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы тоқтады. Оқу орны жанында Қазақстан тарапынан салынатын 500 орындық жатақхана кешені мен Түркия тарапынан тұрғызылатын 500 орындық профессорлар кеңсесінің жобалық макеттерімен танысты. Сондай-ақ, білім ордасының мәдениет орталығында өткен кездесуде Түркия мемлекетінің басшысына университеттің «Құрметті профессоры» атағы беріледі.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Мен сіздерге зор алғыс білдіремін. Қай жерде жүрсем де, мен осы атаққа лайықты болуға тырысамын. Қазақ пен түрік бауырлас халықтар. Осыдан жиырма жыл бұрын КСРО империясының құрамынан мемлекеттер бөлініп шыққан кезде, көптеген елдер мұсылман мемлекеттердің күні қараң болады деген пиғылда болған еді. Алайда, Қазақстан сияқты мемлекеттер әлемдегі іргелі елдердің қатарына қосылды. Мен бұған бауырлас ел ретінде шын жүрегімнен қуанамын. Біз, түркі халықтары, қандай жағдайда да бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, бір болуымыз керек. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ