$474.72 €515.17 ₽5.58
×

ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламанов 26 қаңтар күні сот алдында жауап беруді бастайды

AstanaTV
13.01.2015ж. 13:00
1111
ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламанов 26 қаңтар күні сот алдында жауап беруді бастайды

ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламанов 26 қаңтар күні сот алдында жауап беруді бастайды. Бұл туралы біздің арнамызға Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әскери сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, кеше аталған іс бойынша алдын-ала талқылау жиыны жабық есік жағдайында өткен. Істі әскери соттың төрағасы Ербол Ахметжанов қарайтын болды. Айыпталушының адвокаты соттан қамауда отырған Жоламановты кепілдікке босатуды немесе жазасын үй қамаққа ауыстыруды өтінген. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Еске салайық, Нұрлан Жоламановқа аса ірі көлемде пара алды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны өзі басқарып келді деген айыптар тағылып отыр. Ол өткен жылдың 27-қазанында ұсталған еді.Тергеу амалдары 2 айға созылды. Бұған дейін Нұрлан Жоламанов Қарулы Күштердің құрлықтағы әскерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері басқармасының бастығы, Қарулы Күштер Жоғарғы шекара командалық училищесінің бастығы, Бас штаб бастығының орынбасары болып қызмет атқарған.

Сондай-ақ Қарулы күштердің құрлық әскерлері қолбасшысы секілді жоғары әскери қызметтерде болған.Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев енді айыпталушы емес, күдікті ретінде сотқа тартылады. Жемқорлық іске қатысы бар деп айыпталып келген бұрынғы шенеунікке қатысты мұндай қаулыны мемлекеттік қызмет істері мен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінң тергеушісі шығарды.

Ал Қазыбек би аудандық соты Әбдішевті қамау шарасын тағы бір айға созу туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде Интерфакс-Қазақстан хабарлайды. Сот қаулысын жария еткен судья Еркеш Маукен, бұл қадамға бару себебін түсіндірді. Айтуынша, жауапкерге қатысты қосымша құжаттарды жинауға уақыт тығыз болған. Тергеушілердің дәлелдерімен танысқан сот, олардың өтінішін қабылдап, экс-әкімді 23-ші ақпанға дейін қамақта ұстауға шешім шығарған.

Айта кетейік, Бауыржан Әбдішев  өткен жылдың 23-ші қыркүйегінде тергеу изоляторына жеткізілген болатын. 3 күннен кейін сот шешімімен қамауға алынған. Бұрыңғы шенеунік қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ