Алматы қаласы әкімдігін жарып жіберемін деп
жалған ақпарат берген жігіт бүгін қамауға алынды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз
қызметі хабар таратты. «Жалған терроризм жасады» деген күдікпен Евгений
Рычковты қамауға алуға санкцияны Бостандық ауданының нөмірі екінші соты берген.
Соттан санкцияны Алматы қалалық ІІД-нің тергеу басқармасы сұрапты.
Қуандық Ешімет, Алматы қалалық сотының баспасөз
хатшысы:
Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотының 2015
жылғы қаңтар айының 15-шы жұлдызындағы қаулысымен ҚР ҚК 273-бабында тероризм
актісі туралы жалған хабарлау, көзделген қылмысты жасырған айыпкер Рычков Евгений Владимировичке қатысты екі ай мерзімге қамауға алу санкциясын беру туралы өтініші қанағаттандырылды.
Аталған бап бойынша, келтірілген күдік дәлелденсе, Евгений Рычков алты жылға
дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, қаңтардың он үші күні сағат 11
жарымдар шамасында ер адам әкімшілік ғимаратына кіріп, келушілерге арналған бөлмені
ішінен жауып алған еді. Бірақ құзырлы органдарға ешқандай талап қоймады. Сол
уақыт ішінде адамдар эвакуацияланып, ғимаратты полиция қызметкерлері мен арнайы
қызметтер қоршауға алған. Оның қолында қопарғыш зат болуы ықтимал деген болжам
да айтылды. Екі сағатқа созылған келіссөздерден кейін ол өз еркімен полицияға
берілген еді. Оны тінту кезінде ешқандай жарылғыш зат та, қару-жарақ та
табылмаған.
Берік ХАСЕНОВ