$519.64 €609.23 ₽6.62
×

Керекуде жылу желілерінен шыққан апаттың себебі анықталды

AstanaTV
26.01.2016ж. 20:00
1490
Керекуде жылу желілерінен шыққан апаттың себебі анықталды

Керекуде жеті мыңнан астам тұрғынды екі тәуліктей жылусыз, ыстық сусыз қалдырған апаттың себептері анықталды. Төтенше жағдайдың орын алуына жылу желілерін іске қосуда жіберілген олқылық себеп болған. Арнайы құрылған комиссия осындай қорытындыға келді.

Тергеу нәтижесіне сәйкес, жылу беруші мекеме өткен жазда апат болған аумақтағы құбырларға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сол кезде желілерді байланыстыратын екі компенсатордың бірі орнатылмағаны анықталып отыр. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл істі қадағалау үшін әділет басқармасына құжаттар тапсырған. Тиісті қағаздар қолға тиісімен мемлекеттік мекеме қайта тексеру жұмыстарын бастайды. Оның қорытындысы бойынша, жауаптылар анықталып, шаралар тағайындалмақ.

Асқар Ғазизов, Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, екі компенсатордың бірі қайта орнатылмаған. Салдарынан бұл жерге күш түсіп, оның соңы оқыс оқиғаға әкеп соқты. Яғни тетік майысып, құбыр үзіліп кеткен.

Алайда жылу беруші мекеме өкілдерінің өз уәжі бар. «Павлодарэнерго» АҚ-ның баспасөз хатшысы Асқар Шөмшеков арнамызға берген сұқбатында комиссияның тұжырымдамасы «алдын ала мәліметтерге негізделген, әрі толық зерттелмеген» деді. Оның айтуынша, әзірге тетіктерді өндіретін Ресейдегі Белгород зауытынан да, темірдің сапасын сараптайтын тәуелсіз сарапшылардан да нақты ақпарат түспеген. Сондықтан комиссия асығыс шешім шығарды деп отыр.

Асқар Шөмшеков, «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз хатшысы:

Біздіңше, бұл тетіктің зақымдануына оның көзге көрінбейтін ақауы себеп болған және оны сындырмай бақылау тәсілімен де анықтау мүмкін емес. Сондықтан «Павлодарэнерго» АҚ өзіндік тергеу жұмыстарын жүргізуді бастады.

Еске салайық, төтенше жағдай қаңтардың 9-күні орын алған. Жылу магистралінде болған апаттың кесірінен жиырма төрт көп қабатты тұрғын үй, мектеп пен балабақша екі тәулік бойы жылусыз қалған еді. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ