$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Инвестициялар және даму министрі БҚО жасаған сапарында отандық тауар өндірушілерді қолдауға үндеді

AstanaTV
19.01.2015ж. 20:00
812
Инвестициялар және даму министрі БҚО жасаған сапарында отандық тауар өндірушілерді қолдауға үндеді

«Баға ауытқушылығы - уақытша құбылыс». Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары барысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға үндеді. Министрдің сөзінше, отандық кәсіпорындарындағы жұмыс орнын сақтап қалу  бүгінде ең маңызды мәселе болып отыр. Бұл жөнінен Орал оқ бойы озық тұр. Өңірдің Кеден одағы елдерімен арадағы тауар айналымы 702 миллион долларды құраса, оның 73 миллионы экспорттың, ал 629 миллионы импорттың үлесінде. Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіш те төрт жылда екі есе артқан.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Президент өз тапсырмасында жаңадан 10 мың жаңа жұмыс орнын ашуға пәрмен берді. Ал біз аралап жүрген мына кәсіпорындағы 600 жұмысшының әрқайсысы 100 мың доллардың өнімін өндіреді. Президент айтқан жұмыс орындары осындай тиімді болуы керек. Ал нарық өзгеріссіз болмайды. Сондықтан мұндай кәсіпорындарды қолдауымыз керек.

Шетелдік темір тұлпардан бас тартып, отандық автокөлікті таңдаған лауазымды тұлғалардың алғашқы легіндегі Әсет Исекешев, бағасы жөнінен айырмашылықтар болғанына қарамастан, отандық көліктерге басымдық беру керек, дейді. Үнемдеуді үйренуге үндеген министр бірқатар инвестициялық жобалардың уақытша тоқтатылатынын айтты.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Бүгінде ресейлік компаниялар өз көліктерінің бағасын 20-30% дейін арттырды. Сондықтан шетелден тасығанша, өзімізде өндірілген өнімдерді қолдануға үндеймін. Ал мұнай бағасының өзгеруі бюджетке әсер етпей қоймайды. Сондықтан үнемдей білуді үйрену керек. Біз «Нұрлы жол» бағдарламасын, индустрияландырудың екінші бесжылдығын талқыладық. Кейбір жобалардың жағдай түзелгенше тоқтатылуы кез-келген елде, тіпті кез-келген кәсіпорында болатын жайт.

Еркін КАРИН