$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Атыраудағы Перетаска ауылының тұрғындары экологиялық қауіпсіз аумаққа көшіруді талап етті

AstanaTV
20.01.2015ж. 20:00
1038
Атыраудағы Перетаска ауылының тұрғындары экологиялық қауіпсіз аумаққа көшіруді талап етті

Бүгін Атыраудағы Перетаска ауылының тұрғындары экологиялық қауіпсіз аумаққа тезірек көшіруді талап етті. Жиналғандардың айтуынша, шамамен осыдан 3 жыл бұрын 200-ден аса тұрғын үйі бар ауыл Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық зонасына енгізілген. Осыдан кейін жергілікті билік пен зауыт басшылары тұрғындарды көшіру жұмыстарын қолға алған. «Бірақ бұл мәселе әлі күнге дейін сырқұйымшақталып отыр», - дейді ашулы халық. Тұрғындар зауыт ұсынған өтемақының тым аз екенін айтады. 

Үйімді ғана есептеп тұр. Жалғанған құрылыс бар. 2 сотық жерде 180 талым бар. Жер тыңайтылған. Оларды есептемеді. 15 млн теңге берді.

Бүкіл бір селоның халқы ұйқыдан оянбай жатыр, ертең бізді сондай нәрсе күтіп тұр. Бензол цехын қоспағанның өзінде түнде, таңға қарай, сброс жасайды, сонда терезе аша алмаймыз. Басымыз ауырады.  

Наразы топтың ашуын басуға зауыт өкілдері де жетті. Олар тараптар арасындағы түсінбеушіліктен көшіру жұмыстары ұзап кеткенін айтты. «Ал баспананы бағалаған біз емес, қалалық әкімдік», - дейді. Келісілген құнға келіспеген тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес берген. «Сот болса, халықты көшіру жұмыстарымен әкімдік айналысуы тиіс деп, талап-арыздарды қанағаттандырмай отыр»,- дейді зауыт заңгері.

Асқар Рахманов, «АМӨЗ» ЖШС заңгері:

Халық бұл жерден көшіріледі. Бірақ онымен әкімдік айналыса ма, зауыт айналыса ма, әзірге белгісіз. Біз осы мақсатта жұмыс атқарудамыз. Сот пікірінше, көшіру жұмыстарымен әкімшілік айналысуы керек. Әзірге көшіру тетігі анық емес. Уақытын да кесіп айта алмаймын. 

Базаркүл ІЗІМОВА