«Нұр Отан» партиясының Астанада
өтетін 17-ші кезектен тыс съезіне Қызылжардан келетін делегаттардың тізімі
белгілі болды. Алқалы жиынға 32 делегат пен 13 арнайы шақыртылған азамат
қатыспақ. Айта кетейік, партия өзінің сайлауалды бағдарламасын қабылдау үшін,
қаңтардың 29-ы Астанада съезд өткізеді. Теріскейден келетін делегаттар,
"жаңа бағдарлама әлемдік қаржылық қиындықтарға орай, әлсіреген экономикаға
тығырықтан шығар жол сілтейді" деп сенеді. Аймақтағы әріптесім съезге
келетін жерлестерімен кездесіп қайтты.
Жолға дайындықты бастаған ең
жас делегат - Мұса Таңақұлов. Ол - аймақтағы сан алуан шараларға ұйытқы болып
жүрген белсенді жастың бірі, «Жас Отан» жастар қанатының жергілікті филиалын
басқарады.
Мұса Таңақұлов, «Нұр Отан»
партиясы «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ төрағасы:
Әдетте сайлауалды бағдарламаны
жүзеге асыруда жастар зор үлес қосады. Партияның жастарға көп көңіл бөлетіні,
сенетіні қуантады. Жастар сенімнен шығуға тырысады деп санаймын. Олар
сайлауалды бағдарламаны жұмыла жүзеге асырады деген сенімдемін.
Жергілікті университет
профессоры Жанар Таласбаеваның партияның республикалық съезіне осымен 3-ші рет
жолы түсіп тұр. Бұл жолғы саяси ұйымның
кеңейтілген отырысынан ол әлемдік тұрақсыздықтан аман өтуге бағыттайтын жаңа сайлауалды
бағдарламаны күтетінін айтты.
Жанар Таласбаева, М.Қозыбаев
атындағы СҚМУ тіл және әдебиет институтының директоры, профессор:
«Нұр Отан» партиясының
қабылданып жатқан барлық бағдарламалары біздің еліміздің тек қана әл-ауқатының
артуына, жалпы экономикалық жағынан болсын, саяси жағынан болсын, әлеуметтік
жағынан болсын, сонымен қатар білім және ғылым саласындағы өте ілгерілеуге
өзінің үлесін қосары сөзсіз.
Көпті көрген қариялар,
партияның бұл жолғы съезінен Елбасының «Бес институционалдық реформа», «100
нақты қадам - ұлт жоспары» бағдарламаларының қарқын алуына сеп болатын, жаңа
жобаларды күтетінін жеткізді. Астанаға жол тартқалы отырған ардагерлер
кеңесіне мүше Құдайберген Қалиев партияның жаңа жобасына өз үлесін қосатынына
қуанышты.
Құдайберген Қалиев, Солтүстік
Қазақстан облысының «Құрметті азаматы»:
Ойдағыдай бәрі түгел болу үшін, сол өтетін депутаттар жақсы жұмыс істеу керек. Сондықтан, біз ойлаймыз, олар
жақсы істеу үшін, жақсы программа қабылдану керек. Сол программаны қабылдауға
нұсқасы барша, жобасы барша, соған өзімізде атсалысып, көріп, пікіріміз болса,
айтып. Енді өткен өмірден де, жаңа өмірден де кішкене хабарларымыз бар. Сондай
аз да болса, үлесімді қоссам деймін.
«Нұр Отан» партиясының съезіне
баратын 45 делегаттың аты-жөні облыс
орталығындағы партия филиалында өткен саяси кеңестің кеңейтілген отырысында
белгілі болды.
Артур Молдағұлов, «Нұр Отан»
партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
Съезге мәслихат жанындағы
депутаттық фракция жетекшілері, бастапқы партия ұйымдарының төрағалары,
сондай-ақ партияның белсенділері мен ардагерлері қатысады. Солтүстік
қазақстандықтар алқалы жиыннан жаңа сайлауалды бағдарламаның қабылдануын
күтеді.
Теріскей өңірінің
делегаттары алдағы жұмада Астанада өтетін съезде жылдағыдан салмағы ауыр жоба
қабылданарына сенеді. Жаңа бағдарлама әлемдік деңгейдегі және ел аумағындағы
проблемаларды шешеріне сенеді.
Абзал ҚҰРМАНКИН