$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Алматыда жол-көлік апаты кезінде жолаушылар автобусын басқарған жүргізуші 36 жыл автобус жүргізген

AstanaTV
20.01.2015ж. 20:00
1557
Алматыда жол-көлік апаты кезінде жолаушылар автобусын басқарған жүргізуші 36 жыл автобус жүргізген

Алматыда жексенбі күні орын алған жаппай жол-көлік апаты кезінде жолаушылар автобусын басқарған жүргізуші - өз ісінің кәсіби шебері. Ол осы қалада 36 жыл автобус жүргізген. Бұл туралы біздің арна тілшілеріне автопарктің кадрлар бөлімі маманы айтты. Оқиғаға тап болған жүргізуші жақында зейнетке шығуы тиіс екен. Қазір ауруханада жатыр.

Еске салайық, жолаушылар автобусының жылдамдығы үдеп, жолындағы 11 көлікке соқтығысқан болатын. Бірнеше адам жарақат алды. Апат кезінде автобус салонында болған жолаушылардың бірі, қоғамдық көліктің техникалық жағдайының сын көтермейтінін көзіммен көрдім, дейді. Жазықсыз жапа шеккен жандармен тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысқан Ришат Асқарбекұлының репортажы. 

Маршруттық автобусқа иелік ететін №2 автопарктегі көліктер техникалық байқаудан өтеді ме?! Себебі жексенбі күні бағытқа шығып, ірі жол апатына себепкер болған №31 автобус соңғы аялдамада тұрғанда оталмай қойған. Бірақ жүргізуші оны біршама уақыттан соң іске қосып, жолға шыққан. Көп ұзамай көлік апатқа ұшырайды. Бұл туралы сол күнгі қоғамдық көлік салонында болған жолаушылардың бірі мәлімдеді.

Ботабай Шәйменов, автобус жолаушысы:

Сели в автобус. Автобус сразу не завелся. Он его заводил, заводил. Потом завел, поехал. Видимо, неисправность была, он не справился с управлением. И начал машины стукать. Когда он ударился в последнюю машину, я потерял сознания. Солай болды.

Үшінші топтағы мүгедек Ботабай Шәйменов жексенбі күні «Қазақфильм» аялдамасынан осы қырсық шалған автобусқа отырған. Ол қоғамдық көлік ішінде балалар мен 7-8 ересек адамның болғанын есіне алады. Балтыр сүйегі мен бірнеше қабырғасы сынған жолаушы қалалық клиникалық ауруханалардың біріне ауыр халде жеткізілген.

Бауыржан Рахымбеков, №12 қалалық аурухананың сынық-жарақат бөлімінің меңгерушісі:

Түскен кезде жағдайы ауыр болды. Біз бірден реанимацияға жатқыздық. Жағдайы тұрақталған соң, біздің бөлімшеге аударылды. Қазір жағдайы тұрақты, ота жасауға дайындалып жатыр.

Ал сол күні автобустың тізгінінде болған Жәңгір Боқашевтың оқиғаға орай өз нұсқасы бар. Ол аялдамадан қозғалған сәттен-ақ тежегіштің істен шыққанын айтады. Жол еңіс болғандықтан, ауыр машинаны тоқтату мүмкін болмаған. Сондықтан көзді ашып-жұмғанша бірнеше машинаны талқандап өткенін өзі де сезбей қалған.

Жәңгір Боқашев, автобус жүргізушісі:

Менің көлігімнің тежегіші отказ берді. Төмен түсіп келе жатқан соң, қатты жүйіткіп кетті. Ие бола алмай қалдым рөлге. Негізі - бұл автопарк механиктері автобусты таңертең ерте тексеріп шығаруы керек.  

Ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен адамадарға өтемақы төлеу мәселесі қарастырылған. Автобус паркімен келісімшартқа отырған «Номад Лайф» сақтандыру компаниясы қазір төлем көлемін есептеуге дайын.

Жұман Төреханов, сақтандыру компаниясының бөлім бастығы:

Біздің компанияға қазір осы жол-көлік апатына байланысты ешкім арыз түсірген жоқ. Бірақ автобус паркіне қатысты тәуекелдерді біз сақтандырғанбыз. Егер хабарласса, 500 айлық есептік көрсеткіш, шамамен 900 мың теңгеден бастап төлемдер қарастырылады.

Автобусқа иелік ететін №2 автопарк басшылары бүгін де тілшілермен байланысудан бас тартты. Хатшы олардың апат салдарынан туындаған мәселермен жүргенін айтады.

Көлік тізгінінде болған 62 жастағы азамат биыл 13 қаңтарда жұмысқа қабылданған. Ал 18 қаңтар, яғни жол-көлік апатын жасаған күні, апатқа ұшыраған қоғамдық көлікпен ол алғаш рет жолаушы тасымалына аттаныпты. Ал ертең 21 қаңтарда Жәңгір Боқашев тура 63 жасқа толып, зейнет демалысына шығуы тиіс болған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ