Апатқа ұшыраған АН -2 ұшағының тірі қалған жолаушысын астаналық
дәрігерлер емдейтін болады. Елордалық 3 білікті маман осы мақсатта Шу
қаласындағы ауруханаға барды.
Олар Әсем Шаяхметованың ем-домын бақылауға алмақ. Бұл жөнінде
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады
деп жазады Интерфакс Қазақстан. Апатқа ұшыраған ұшақтың құлау себебі әлі
анықталған жоқ.
Еске салайық, Жамбыл облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе
кемесі Балхаш қаласынан Шатыркөл кенішіне бағыт алған. Іздестіру және құтқару
жұмыстарына 100-ден астам адам мен ондаған техника жұмылдырылды.
АН-2 ұшағының қаңқасы кен орнының маңында қирап жатқан жерінен
табылған. Арасынан 6 адамның мәйіті шықты. Ал жетінші жолаушы, 29 жастағы
Балхаш қаласының тұрғыны Әсем Шаяхметова ауруханада жатыр.
Оның жағдайын дәрігерлер тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Науқасқа «сол жақ жамбасы мен оң
жіліншігінің ашық сынығы, жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, бет терісінің
сыдырылуы және 3 дәрежедегі зақымданудан есеңгіру» диагнозы қойылған.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА