$489.36 €533.45 ₽4.99
×

Березовкалықтар шаршы метр үшін басқа адамдарды тіркеткен

AstanaTV
27.01.2016ж. 20:00
1742
Березовкалықтар шаршы метр үшін басқа адамдарды тіркеткен

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылына қаңтардың 18-і мен 21-і аралығында 90 адам тіркеуге алыныпты. Оның 87-і басқа аймақтардан келіп заңсыз тіркелгені белгілі болды. Бұл жайында облыс әкімінің баспасөз хатшысы айтты.

Қарашығанақ кенішінің санитарлық аумағы кеңейтілуіне байланысты, үкімет 2015 жылдың 28 шілдесінде Березовка халқын қауіпсіз жерге көшіру туралы қаулы қабылдаған. Әр адамға 15 шаршы метрден бөлінуі тиіс пәтерлерді тұрғындар неғұрлым көбірек қамтығысы келген сыңайлы. Баспанадан дәмелі жандардың қатарында басқа облыстардың адамдары бар болып шықты. Олардың 50-і Ақсай қаласынан, 30-ы Оралдан. Сондай-ақ біразы Шымкент пен Ақтөбе қаласының тұрғындары, заңсыз тіркелгендер қатарында тіпті астаналықтар да бар екен. Айласын асырған ауыл халқы үйлеріне 10 адамға дейін тіркетіп қойған. Облыс әкімдігінің өкілдері заң бұзған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады деп отыр.

Қайрат Өтегенов, БҚО Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:

Берездың тұрғындарының біреуі оқудан келді, біреуі балалы болды дегендей, түрлі сұрақтар көбейгенде, РОВД басшысы "Березовканың кісілерін тіркей беріңдер", - деп айтқан. Ал оны дұрыс түсінбегендер бәрін тіркеп жатыр деп айтқан. Содан бірнеше отбасы бүкіл туыстарына, достарына, таныстарына жылдам тіркеліңдер, пәтер аламыз деп айтқан. Содан кейін оны доғардық та, қайтадан қалпына келтірдік.

Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Өтегеновтің сөзінше, тұрғындарға заңды бұзғаны ескертіліп, тіпті әкімшілік жауапкершілікке де тартылатыны түсіндірілген.

Қайрат Әбуов, БҚО әкімінің баспасөз хатшысы:

Тексеру барысында ауылда БҚО-ға қатысы жоқ адамдар тіркелгені анықталды. Олар біздің облыста тұрмаған. Мәселен, Астана қаласы, Оңтүстік Қазақстан секілді Қазақстанның басқа өңірлерінің адамдары Березовка ауылында тіркелген. Осындай заңбұзушылыққа жол берген миграциялық полицияның қызметкеріне қатысты ішкі тексеру жүріп жатыр.

Айта кетелік, Березовка ауылы хылқын Ақсай қаласына көшірудің алғашқы кезеңі былтыр күзде басталып, жаңа жылға дейін аяқталған еді. Ал биыл екінші кезең аясында тұрғындарға арналып, Ақсай қаласы мен "Қарашығанақ" шағын ауданынан жаңа үйлер салынады.