$494.95 €525.49 ₽5.05
×

Зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерге қарттар үйі тұрғындары наразы

AstanaTV
28.01.2016ж. 20:00
2049
Зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерге қарттар үйі тұрғындары наразы

Зейнетақы төлеу заңнамасына енгізілген өзгерістер Ақтөбедегі қарттар үйі тұрғындарының наразылығын тудыруда. 1 қаңтардан бастап олардың зейнетақысының 70 пайызы интернаттың арнайы есеп-шотына аударылатын болды. Зейнеткердің қолына 30 пайызы ғана тиеді. Мемлекеттік мекеме шотына аударылған қаражат, азық-түлік пен қосымша дәрі-дәрмек алуға жұмсалмақ. Қалалық қарттар мен мүгедектер үйі директорының айтуынша, мұнда дәрі-дәрмек қат. Төсек орындар да жаңартуды қажет етеді. Мемлекеттен бөлінетін қаражат әрдайым жете бермейтін көрінеді. Айтуынша, былтырғы жылы бюджеттен алған 220 млн теңге жыл соңына жетпей қалып, қосымша қаражат сұрауға тура келген. 

Ермек Бейісқалиев, «Ақтөбе қ. қарттар мен мүгедектер үйі» ММ директоры:

Кешегі мына қымбатшылыққа байланысты 20 млн-дай үстіне қосымша ақы бөлінді. 11 млн төленді. Қосымша ақы берілді. Өйткені былтырғы бөлінген қаражаттың 3 млн дәріге бөлінді. Бірақ ол 3 млн біздің есебіміз бойынша жетпейді.

Өңірдегі зейнетақы төлеу орталығының мамандары, «бұл өзгеріс интернатта тұратын барлық зейнеткерге қатысты емес» дегенді алға тартты. «Ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз мөлшерде зейнетақы алатын қариялардың қалтасы қағылмайды», - деді.

Ізбасар Орынбасаров, ЗТЖМО Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары:

Мысалы, 50 мың зейнетақы алатын болса, оның 30 пайызы - 15 мың. Ал 15 мың жаңағы ең төменгі күнкөріске жетпейді. Сондықтан ең төменгі зейнетақысын төлеп, қалғаны медициналық-әлеуметтік мекеменің есеп-шотына аударылады.

Ал жауапты министрліктегілер, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын арнайы комиссия қадағалайды, деп отыр. Оның құрамына әлеуметтік мекеме жетекшілері, дәрігерлер, дәріхана қызметшісі, есепші және жергілікті билік өкілдері кіреді. Олар тоқсан сайын жиналып аталған мәселені талқылап отырады. Жаңа жүйе ақпан айынан бастап іске қосылады.

Шолпан Олжабаева, ҚР ДСӘДМ арнайы әлеуметтік жобаларды дамыту басқармасының басшысы:

Зейнетақыны жұмсаудың тәртібі мен жүйесі Қаржы министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Есеп-қисап құжаттарын бақылау жергілікті атқарушы биліктің құзырында.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ