Алматыда
көшелердегі жарнама билбордтарына иелік ететін кәсіпорындар қалалық мәслихатты
сотқа берді. Әкімдік жарнамалық маңдайшалардың көлемін қысқарту туралы
мәслихатқа ұсыныс енгізген. Өткен жылы қарашада ол бірауыздан мақұлданып,
жарнамалық компаниялар талапты орындауға міндеттелді. Алайда жеке жарнама
билбордтарына иелік ететін мекемелер бұған наразы. "Дағдарыс кезінде онсыз
да кірістен қағылдық" деген олар бесінші шақырылымдағы мәслихат шешімінің
күшін жоюды талап етіп, сотқа арыз түсірген.
Жарнамалық билбордтар мәселесі осыдан екі жыл бұрын көтерілген. Ретсіз
орналасқан бағаналар сүріліп, қаланың көркін кетіретін біршама билборд алынып
тасталды. Енді әкімдік мәслихаттың қолдауымен жарнамалық маңдайшалардың көлемін
де бір қалыпқа түсірмек. Халықаралық стандартқа сай жарнама тақтайшасының ені -
2,30 метр, ұзындығы 3,14 метрден аспауы тиіс. Өлшемі одан асқандар алынып
тасталады.
Қанат
Өскенов, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:
Бір
стандартқа енгізіп жатырмыз. Неге десеңіз, эстетика болу керек. Бірақ оған
кәсіпкерлер қарсы шығып жатыр. Екіншіден, қаржы жариялы болуы тиіс. Жарнамаға
кім, қанша төлеп жатыр дегенді білуіміз керек.
Талапқа
сай келмейтін жарнама бағаналары сәуір айына дейін қайта жөндеуден өтуі керек.
Оған көнбеген кәсіпкерлер нарықтан кетеді. Алайда жарнамалық кәсіпорындардың
басын біріктіретін қауымдастық бұл шешімге наразы. Олар, кәсіпкерлер мен
жарнама берушілер енді азаятынын, тиісінше табыс та кемитінін айтып отыр.
Ольга
Петрунина, жарнама компаниясының бөлім жетекшісі:
Біздің
заңгерлер құқықтық нормалармен таныса келе, мұндай шешімнің заңсыз екенін
дәлелдемек. Сондықтан мәслихат шешімінің қаншалықты заңға сай екенін анықтау үшін, сотқа
талап-арыз түсірдік. Бас прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігіне үндеу
жолдадық.
Жанна
Тойғанбаева, жарнама компаниясының өкілі:
Егер
1 сәуірге дейін жаңасына алмастырмасақ, бизнесімізден айырылмақпыз. Қазақстанда
мұндай конструкцияларды жасайтын кәсіпорындар жоқ. Біз шетелге тапсырыс беру
керекпіз. Кедендік процедураларды қосқанда, әрбір бағананың құны 3 млн мен 6
млн теңге аралығында болады. Бұл біз үшін қымбат.
Ал
жергілікті билік: «Қала бюджетіне жарнамадан 20 пайыз салық түсуі тиіс. Алайда ол орындалып жатқан жоқ», - дейді.
Бауыржан
Байбек, Алматы қаласының әкімі:
Олардан
бюджетке бәлендей пайда түсіп жатқан жоқ. Ал ең бастысы - ол билбордтарға
тұрғындар наразы. Астана көшелерімен жүретін болсаңыздар, билбордтардың
қаншалықты әдемі екендігіне көз жеткізуге болады. Егер Алматыға келсеңіз, онда
үлкен, қара, ұсқынсыз билбордтарды көресіздер. Тәртіпке сай олар жүргізушілер мен тұрғындарға кедергі
келтірмеуі тиіс. Көбінің сымдары салбырап, жарығы сөніп тұрады.
Әкімнің
сөзіне қарағанда, дағдарысқа байланысты жарнама тақтайшаларының дені бос тұр.
Алматыда 2 мыңға жуық билборд бар. Қала басшысының мәліметінше, әр бағана айына
150 мың мен 500 мың теңге аралығында кіріс әкеледі. Шаһар билігі енді аталған
саланы мықтап бақылауға алмақ. Жарнама саласындағы көлеңкелі бизнестен түсетін
қаражат бюджетті айналып өтіп жатыр, бұлай болмауы тиіс,- дейді мегаполис
басшысы.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ