$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Ұлттық компаниялар отандық өнімдерді сатып алуға міндеттелді

AstanaTV
02.02.2015ж. 20:00
1013
Ұлттық компаниялар отандық өнімдерді сатып алуға міндеттелді

Ұлттық компаниялар отандық өнімдерді сатып алуға міндеттелді. Қаржылық қысылтаяң кезде жаппай қысқартуға жол бермес үшін, ұлттық компаниялар аймақтағы кәсіпорындардың тауарын тұтынбақ. Бүгін Өскеменде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен кездесу өтті.

Тараптар 74 миллиард теңгеге шарт жасасып, меморандумға қол қойды. Ұлттық компаниялар Шығыс Қазақстан облысынан кабель, құрылыс материалдары, электр құрылғылары, машина, трактор, сондай-ақ вагондарға қосалқы бөлшектер сатып алуды көздеп отыр.

Бақытжан Сағынтаев,  ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Қазір «Самұрық-Қазына» басшылығына мемлекеттік сатып алу шарттарын өзгертуді ұсынып жатырмыз. Тауар өндіруші Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын болса, онда ұлттық компания оның өнімін сатып алуға міндетті. Осы секілді талаптардың басын ашып алдық.

Сондай-ақ, бірінші вице-премьер бүгін Павлодар облысына да соқты. Кездесуде керекулік кәсіпорын басшылары Ресей рублінің құлдырауынан біраз қиындыққа тап болғандарын айтып шағынды. Соңғы бір ай ішінде нарықты ресейлік импорт тауарлар жаулап алған.

Осының салдарынан «Павлодар картон-рубероид зауытының» өнімі 40 пайызға қасқарыпты. «Ахуал өзгермесе, кәсіпорынның болашағы бұлыңғыр»,- дейді басшылық. Сондықтан, «KSP Still» ЖШС жетекшісі Эдуард Кремер «бізде шығарылатын бірқатар өнім түрлерін Ресейден тасымалдауға шектеу қойса» деген ұсыныс айтты. Сағынтаев жағдайды бақылауға алатынын жеткізді. Кездесу соңында жергілікті кәсіпорындар мен ұлттық компания басшылары өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум қабылдады. Тараптар 129 млрд теңге тұратын өнім түрлерін сатып алу бойынша шарт жасасты.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ