Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астана халықаралық әуежайының жөндеуі ЕҚД банкі қаражатына жүргізіледі

AstanaTV
02.02.2015ж. 20:00
1308
Астана халықаралық әуежайының жөндеуі ЕҚД банкі қаражатына жүргізіледі

«Астана» халықаралық әуежайының ұшып-қону алаңын қайта жөндеуге Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражаты тартылады. Бұл туралы бүгін біздің арнамызға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының вице-президенті Қанат Алпысбаев мәлімдеді. Сондай-ақ елордада жаңа әуежай терминалы құрылысын 2017 жылға дейін аяқтау жоспарда. Алпысбаевтың сөзінше, бұл жобаны қаржыландырудың түрлі жолдары қарастырылуда.

Қанат Алпысбаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті:

Еуропа қайта құру және даму банкі бүгінгі күні Астана әуежайының ұшып-қону алаңын жарықтандыру құрылғыларына, өзге техника сатып алуға 17-20 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуге әзір екенін мәлімдеп отыр.

Еске салсақ, Елбасы осы жылы әуежай терминалы құрылысына мемлекеттік бюджеттен 29 миллиард теңге бөлуді Үкіметке тапсырған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын дамытудың осы және өзге де бағыттары талқыланған отырыста ақылы жол мәселелері сөз болды.

Мәжіліс депутаттары автоматты түрде жұмыс істеуі тиіс «Астана-Бурабай» тас жолындағы ұзын-сонар кезекке және жол құнын диспетчердің белгілейтініне ашулы екен. Еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі, жол іске қосылғанда салынған қондырғылар бұзылғанын, ал осы айда автоматтар қайта жұмыс істей бастайтынын, хабарлады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі:

Бір жыл ішінде барлық автоматтар істен шықты, енді кепілдеме бойынша жөндеуден өткен қондырғылар осы ақпанда келуі тиіс. 2 қондырғыны қосымша орнатамыз. Қос жолақта 4 жол жұмыс істесе, қазір қосымша тағы біреуінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Қажет болса, тағы біреуін қоса аламыз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ