Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«АрселорМитталТеміртау» жұмыскерлеріне еңбекақыларын қысқартып отыр

AstanaTV
02.02.2015ж. 20:00
1537
«АрселорМитталТеміртау» жұмыскерлеріне еңбекақыларын қысқартып отыр

«Біз де көмек қолын соза бермейміз». Осылай деп бүгін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығына қарата Қарағандыға ат басын бұрған вице-премьер Бердібек Сапарбаев айтты. Айта өтейік, металлургиялық компания басшылығы жергілікті әкімдікпен серіктестік жайында меморандумға қол қоюдан бас тартты. Құжат кеншілер мен металлургтердің құқықтарын қорғап, еңбекақылары мен жұмыс орындарының тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді. Алайда, жұмыс берушілер қиын жағдайға тап болғандығын айтуда. Бұл мәлімдеме вице-премьердің ашуын келтірген сыңайлы.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Егер мемлекет кәсіпкерлер мен кәсіподақтардың жағдайын түсініп, қолдау білдірсе, екінші тарап та өз жұмыскерлерінің жағдайын жасауы тиіс!  Әйтпесе, біз де көмек көрсетуден бас тарта аламыз!

Айта өтейік, бүгін «АрселорМиттал Теміртау» жұмыскерлердің жалақыларын толық көлемде төлей алмайтынын мәлімдеді. Баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, компания үкіметтен қосымша құн салығы бойынша төленген 12 миллиард теңгені кері қайтаруды сұрап отыр. Акционерлік қоғамның басшылығы 2010 жылдан бастап мемлекеттің қарызы осы сомада қордаланғанын жеткізді. «Күрделі геосаяси ахуал, аймақтағы жалпы экономикалық даму қарқынының бәсеңдеуі, тауарды өткізетін нарықтардың сыртқы конъюнктурасы қаржылық жағдайды қиындатып, компанияның есеп-шотында қолма-қол қаржы тапшылығын тудырды», - делінген хабарламада.

Осы себептерге байланысты компания қызметкерлердің жалақыларын қысқартуды ұйғарыпты. Шетел мамандары енді жалақыларының 50 пайызын алатын көрінеді. Ал, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат және көмір департаменттерінің қызметкерлері, «Өркен», «Құрылысмет» серіктестіктеріндегі мамандары қаңтар үшін  айлықтың 75 пайызын ғана алады. Қалған қаражат жұмыскерлер қолына компанияның экономикалық жағдайы оңалғанда түсетін сыңайлы. Бұл проблема 2 аптадан кейін шешілуі мүмкін. Қазір Лондондағы компания басшылығынан тиісті жауап күтілуде. Ал «Қорғау» кеншілер кәсіподағы болса, облыстық прокуратураға қарсылық білідіріп үлгеріпті. 

Айта өтейік, өңірдегі өзге компаниялар қиын экономикалық кезеңде өзара ынтымақтасу туралы жергілікті билікпен арадағы меморандумды қолдады. Бүгінде атқарушы билік, ұлттық компаниялар, отандық тауар өндірушілер және кәсіподақтар 57 миллиард теңгеге өзара 47 келісім жасады. Енді жергілікті кәсіпкерлер бір жыл бойына отандық шикізатпен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, оларға электр қуаты бойынша жеңілдіктер де жасалады. Бердібек Сапарбаев теңгемен несие беру жұмыстарын тежеген екінші деңгейлі банктермен мәселені реттеуге де уәде берді.

Әнуар Ахметжанов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Несие бойынша шешімді екінші деңгейлі банктер Алматыда қабылдайды. Созып жіберетіндері де бар. Уақыт өте, өтініштеріміздің 50 пайызынан кемін ғана мақұлдайды. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің кепілдікке қоятын мүліктерінің бағасын арзан бағалайды.

Владимир Крючков, «Сантехпром» ЖШС бас директоры:

Біз өз өнімдерімізді сата алмаймыз, тіпті Кеден одағы елдерінде өтпейді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасында  өнеркәсіп секторына көп көңіл бөлінген. Монополистер де бұған көңіл аударса деймін. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА